Астана – Теміртау жолында 162 жүргізушіге жедел көмек көрсетілді
АСТАНА. KAZINFORM – Астана – Теміртау ақылы жолында жолда қалған жүргізушілерге жедел көмек көрсету қызметі пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Жоба басталғалы арнайы қызмет 162 жүргізушіге көмектескен. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Жолды патрульдеу және көліктерге техникалық көмек көрсету үшін арнайы жабдықталған екі автокөлік бөлінген. Қызметтің негізгі міндеті – жолда көлігі бұзылған немесе басқа себеппен қозғалысын жалғастыра алмай қалған жүргізушілерге жедел көмек көрсету.
Дархан Иманашевтің пікірінше, әсіресе қыс мезгілінде мұндай қолдаудың маңызы артады. Қатты аязда көліктің бұзылуы немесе жолда ұзақ уақыт тұрып қалу жүргізуші мен жолаушылардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
— Жолда қалған азаматтарға дер кезінде көмек көрсету аса маңызды. Бұл қызметтің қыс мезгіліндегі маңызы ерекше, — деді Дархан Иманашев.
Бұған дейін Астана – Теміртау және Алматы – Қонаев жолдарында 8 мыңға жуық оқиға анықталғаны туралы жаздық.