«Астана-Теплотранзит» жаңа тұтынушылардың жүйеге қосылуына шектеу енгізеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – «Астана-Теплотранзит» АҚ-ға қосымша жылу көзі енгізілгенге дейін жаңа тұтынушыларды қосуға уақытша шектеу енгізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астана-Теплотранзит» жаңа тұтынушылардың жүйеге қосылуына шектеу енгізеді

Бұл туралы қалалық жанармай-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының ҚазАқпарат сауалына жолдаған жауабында айтылған.

«Жылу көздерінде қуаттың тапшылығы туындап тұрғандықтан, «Электр станциялары мен желілерін техникалық пайдалану қағидаларының» 593-тармағы бойынша «Астана-Теплотранзит» АҚ қосымша көзді енгізгенге дейін жылу тұтынушы қондырғылардың техникалық әзірлігі актісін ресімдеуге және жаңа тұтынушыларды қосуға уақытша шектеу енгізеді», - делінген жауапта.

Басқарманың мәліметі бойынша, 2022-2023 жылдардағы жылыту маусымында іске қосылатын объектілердің мәлімделген саны 138 нысан болып отыр. Осы қажеттілікті қанағаттандыру үшін әкімдік №1 жылу электр орталығының су жылыту қазандықтарын газға ауыстырған.

«Осылайша қолда бар қуат мөлшері 50 Гкал/сағ ұлғайтылды. Әлеуметтік нысандар орталықтандырылған жылыту жүйесінен автономды қазандықтарға ауыстырылып жатыр. Бәрі бірігіп 36 Гкал/сағ жылу қуатын тұтынатын 11 нысан автономды жүйеге көшіріледі.

Жылумен жабдықтау жүйесінде қуаттың әр көзге түрлі мөлшерде жетуін болдырмау үшін бүкіл нысандарға қажетті мөлшерде ғана жылу бағыттауға мүмкіндік беретін «шайбалау»тәсілі қолданылмақшы. Қазіргі таңда жоспардағы 3561 осындай қондырғының 3468-і орнатылды», - деп жазылған басқарманың мәліметінде.