Астана төрінде Мұхиттың асқақ әндері шырқалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» ұлттық сурет галереясы ғимаратында қазақтың атақты әншісі, сазгер Мұхит Мерәліұлының асқақ әндері шырқалды.
None
None

«Салмасам Айнамкөзге ән болмайды» деген атаумен өткен ән кешіне жиналғандар алдында Астана қаласы әкімдігі мемлекеттік филармониясының «Сарыарқа» ұлт аспаптар ансамблі және Халық ән бөлімінің әншілері өнер көрсетті. Атап айтқанда, «Сарыарқа» ұлт аспаптар ансамблі елге танымал бірқатар күйлерді орындады. Ал «Шалқыма» халық би ансамблінің биші қыздары мың бұралып би білеп, көрермендерге өз өнерлерін паш етті.

Осы кештің шырайын кіргізіп, зор қошеметке ие болған еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші Айгүл Қосанова Мұхит Мерәліұлының «Айнамкөз», «Кіші Айдай» әндерін нақышына келтіре шырқады.

Өз кезегінде халықаралық конкурстардың лауреаттары Айзада Қазбекова, Үміт Саттарова, Рахат Бегасылов, Нұржан Тілеужан сахнаға шығып, Мұхиттың елге кең таралған «Ақиіс», «Үлкен Айдай», «Бейнем-ау», «Қарақаншық» әндерін әуелетті.

Қазақстан «Жастар» одағы сыйлығының иегері Нұрай Танабаев Мұхиттың «Көк Айдай» әнін орындады.

Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері Нұрболат Исаев пен Жалғас Сұлтанов Мұхиттың «Демалыс», «Алуаш», «Зәуреш» әндерін шырқап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Осы кеште әндер орындалар алдында Мұхит Мерәліұлының өмір жолы, ақындық, сазгерлік ерекшелігі туралы көрермендерге мағлұмат беріліп отырды. Мұхиттың кезінде домбырашы болғаны, өзі шығарған күйі де бар екені айтылды.

Айта кету керек, атақты әнші, композитор, ақын Мұхит Мерәліұлы 1841 жылы Қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданының (бұрынғы Орал губерниясы, Жымпиты уезі, Жақсыбай болысы) Ақбақай елді мекенінде дүниеге келген.

Бүгінгі таңда елімізде Мұхиттың әншілік дәстүрі негізінде әншілердің Батыс Қазақстан өңіріне тән «Мұхит мектебі» қалыптасқан.

Соңғы жаңалықтар