ASTANA TRIATHLON half турниріне байланысты бірқатар көшеде көлік қозғалысы шектеледі
АСТАНА. KAZINFORM – 13 шілде күні елорданың Орталық саябағында ауқымды спорттық шара – ASTANA TRIATHLON half турнирі өтеді. Осыған байланысты бірқатар көшеде көлік қозғалысы уақытша шектеледі, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Жарыс Орталық саябақтан басталып, Ильинка аумағында аяқталады. Қатысушылар келесі үш кезеңнен өтеді:
жүзу – 1,9 км;
веложарыс – 90 км;
жүгіру – 21,1 км.
Іс-шараның өтуіне байланысты, әсіресе веложарыс бағыты өтетін көшелерде қала көшелерінің кейбір учаскелерінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі.
Веложарыс бағыты:
Басталуы – Орталық саябақ (Орталық жағажай маңы);
Тұран даңғылына шығып, көпір астымен солға бұрылу;
Тұран даңғылымен Қорғалжын тасжолына дейін (оң жақ жолақпен) жүру;
Қорғалжын тасжолынан оңға бұрылып, айналма жолға дейін жүру (оң жақ жолақ);
Айналма жолға солға бұрылып, қарсы бағыттағы жолақпен жүру;
Кейін 3 шеңбер бойынша Қорғалжын тасжолынан Қосшы (Қарқаралы) бағытына дейін – сол жақ жолмен жүру;
Шеңберлерді аяқтаған соң, қайтадан Қорғалжын тасжолына түсіп, Ильинка жақтан веложолға кіру;
Мәре сызығы веложол бойындағы велопрокат тұрағы. Жүгіру кезеңі веложол аумағында өтеді.
Қала тұрғындары мен қонақтарынан алдағы күндері жол жүру бағытын алдын ала жоспарлап, уақытша өзгерістерді ескеруді сұраймыз.
Қосымша ақпаратты қалалық триатлон федерациясының Instagram желісіндегі @astana_triathlon ресми парақшасынан алуға болады.
Еске салсақ, осыған дейін елордада ASTANA TRIATHLON half турнирі өтетінін хабарлаған едік.