«Астана тұрақ кеңістігі» ақылы тұрақтардан бір жылда 800 млн теңге табыс тапқан
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласындағы ақылы тұрақтарға жауапты «Астана тұрақ кеңістігі» ЖШС былтыр 800 млн теңге табыс тапқан. Бұл туралы қалалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы Kazinform сауалына жолдаған жауапта мәлім етті.
Басқарманың мәліметіне сүйенсек, 2023 жылы елордадағы ақылы тұрақтардан қала бюджетіне төлемнің үлесі ретінде 200 млн теңге, айыппұл түрінде 1,3 млрд теңге түскен.
«Мемлекет-жеке меншік әріптестігінің шарты бойынша 2022 жылғы желтоқсаннан 2038 жылғы қарашаға дейін мемлекеттік серіктеске 25%, жеке серіктеске 75% үлес белгіленген. Сондай-ақ, ақылы тұрақ қызметтерін төлеуден жалтарғаны үшін салынатын айыппұлдан түскен ақшаның бәрі қала бюджетіне түседі», - деп жазылған әкімдіктің мәліметінде.
Яғни, 2023 жылы ақылы тұраққа дер кезінде төленген соманың 25 пайызы 200 млн теңге деген сөз. «Астана тұрақ кеңістігі» ЖШС-нің үлесі 75 пайыз екенін ескерсек, кәсіпорын бір жылда 800 млн теңге тапқан.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Астанадағы ақылы тұрақтардың мәселесін реттеудің жолын айтқанын жазған болатынбыз.
Астанада әлі 2800 орын ақылы тұраққа айналады.