Туризмді дамытуға өз күшін жұмсап жүрген азаматтардың мүддесі қорғалуы тиіс — депутат

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты, ЖСДП фракциясының мүшесі Наурыз Сайлаубай Қапшағайдағы № 6 жағажайда жұмыс істейтін кәсіпкерлермен кездесті. Басқосуда жағалау аумағын абаттандыру, инфрақұрылымды жаңғырту және бизнестің мүддесін қорғау мәселелері талқыланды. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі мәлім етті.

Туризмді дамытуға өз күшін жұмсап жүрген азаматтардың мүддесі қорғалуы тиіс — депутат
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Кездесуге Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, «Жасыл қала» мекемесінің өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты.

Наурыз Сайлаубай Қапшағай су қоймасының туристік әлеуетін бизнес өкілдерімен бірлесіп дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Туризмді дамытуға өз күшін жұмсап жүрген азаматтардың мүддесі қорғалуы тиіс — депутат
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

— Біз жағалау аймағының дамуы кәсіпкерлердің құқықтарын шектеу есебінен емес, олармен әріптестік арқылы жүзеге асуы үшін күш саламыз. Туризмді дамытуға өз күшін де, қаражатын да жұмсап жүрген азаматтардың мүдделері қорғалуға тиіс, — деді депутат.

Кездесуге бастамашы болған кәсіпкердің бірі Камбар Байкенов туризм саласының басқарылуы тиісті құрылымда болуы керектігін айтты.

Туризмді дамытуға өз күшін жұмсап жүрген азаматтардың мүддесі қорғалуы тиіс — депутат
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

— Туризм — бұл өз стратегиясы мен тәсілдерін қажет ететін бөлек бағыт. Бұл мәселені тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы емес, туризм бөлімі қадағалауы керек. Сонда ғана жағалау аймағын жүйелі түрде дамытып, туристерді тарта аламыз, — деді ол.

Басқосуда кәсіпкерлер инженерлік коммуникациялардың жоқтығы, кешенді абаттандырудың қажеттілігі мен әкімшілік шектеулер сияқты бірқатар мәселеге назар аударды. Қала әкімдігі мен тиісті мекемелер өкілдері бұл мәселелерді бірлесе шешуге дайын екендерін жеткізді.

Кездесу қортындысы бойынша осы маусымның соңына дейін № 6 жағажайды дамыту жоспарын дайындау туралы шешім қабылданды.

 

Соңғы жаңалықтар