Астана тұрғындарын Бектұров көшесіндегі бизнес орталықтың құрылысы алаңдатты

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Әбікен Бектұров көшесіндегі № 17, 17/1, 17/2 және 17/3 үйлердің маңында автотұрағы бар әкімшілік ғимараттың салынуы тұрғындарды алаңдатып отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Строительство бизнес-центра на улице Бектурова обеспокоило жителей Астаны
Фото: Kazinform / ЖИ

Қала тұрғындары құрылыс жұмыстарының заңдылығына және қажетті рұқсат құжаттарының бар-жоғына күмән келтірген.

Елорда әкімдігінің Сәулет басқармасы жобаны жүзеге асыру үшін қандай құжаттар келісілгенін түсіндірді

Тұрғындар әлеуметтік желіде құрылыс нысанына рұқсат берілген-берілмегенін, қажетті жобалық және келісу құжаттарының бар-жоғын, сондай-ақ құрылыс нормаларының сақталуына тексеру жүргізілген-жүргізілмегенін түсіндіруді сұраған.

Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» жария кадастрлық картасындағы деректерге сәйкес, жер учаскесі жеке меншікте.

Жердің нысаналы мақсаты — көпқабатты тұрғын үй кешенін, сондай-ақ тұрғын үй, әлеуметтік және мәдени-тұрмыстық нысандарды жобалау және салу.

Ведомство өкілдері басқарманың құзыретіне тек жобалау алдындағы құжаттарды беру және келісу кіретінін түсіндірді. Олардың қатарында сәулет-жоспарлау тапсырмасы (СЖТ) мен эскиздік жобалар бар.

— Басқарма өз құзыреті аясында «Керемет Асар» ЖШС-не жобалауға арналған сәулет-жоспарлау тапсырмасын беріп, «Әбікен Бектұров және Е69 көшелерінің қиылысында орналасқан автотұрағы бар әкімшілік ғимарат» нысанының эскиздік жобасын келісті, — деп хабарлады ведомстводан.

Осылайша, басқарма автотұрағы бар әкімшілік ғимаратқа сәулет-жоспарлау тапсырмасы берілгенін және эскиздік жобасы келісілгенін растады.

Бұған дейін Астанада «Алаш», «Шарын» және «Сарыарқа» базарларының иелері жаңғырту жөніндегі нұсқамаларды қайта орындамаса, аталған базарлардың жұмысы сот шешімімен тоқтатыла тұруы мүмкін екені айтылды.