Астана тұрғыны концертке жалған билет сатқаны үшін сотталды
АСТАНА. KAZINFORM — Астана тұрғыны әлеуметтік желіде концертке жалған билеттер сатып, екі адамды алдағаны үшін сотталды. Жәбірленушілердің бірі кәмелетке толмаған.
30 жастағы ер адам ресми сайттан екі билет сатып алып, олардың деректерін өзгерту арқылы жалған билеттер жасаған. Кейін Threads әлеуметтік желісінде оларды сату туралы хабарландыру жариялаған.
Хабарландыруға екі адам жауап беріп, сатушыға 50 мың және 40 мың теңгеден аударған. Ақшаны алған соң, ер адам сатып алушыларды бұғаттап, байланысқа шықпай қойған.
Осылайша, жәбірленушілерге келген жалпы шығын — 90 мың теңге.
Сот залалды өтегенін және кінәсін толық мойындағанын ескеріп, ер адамға екі жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сондай-ақ оған бүкіл жаза мерзіміне пробациялық бақылау белгіленді.
Үкім заңды күшіне енді.
Астана қаласының прокуратурасы концерт билеттерін тек ресми көздерден сатып алуға және әлеуметтік желілердегі бейтаныс сатушыларға ақша аудармауға кеңес берді.
Еске салайық, ,бұған дейін Шымкентте Қайрат Нұртастың концертін ұйымдастырушы үйқамаққа алынғанын хабарлаған едік.