Астана тұрғындары учаскелік полицейлерге жаппай алғыс айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін халық алдында есеп берген Астана қалалық Ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметінің басшысы Бақытжан Малыбаевқа қала тұрғындары өтініш айтып, жақсы жұмыс істеген учаскелік полиция қызметкерлерін одан сайын ынталандыра түсуді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Жергілікті полиция қызметінің басшысы баяндамасын аяқтаған соң, тұрғындар Б.Малыбаевқа сұрақ қою үшін кезекке тұра бастады. Бірақ, халықтың басым бөлігі жергілікті полиция қызметінің жұмысы өте тиянақты екенін айтып, басшысы Бақытжан Малыбаев арқылы елордадағы бүкіл учаскелік полицейлерге алғыс айтты.

Жергілікті полиция қызметінің басшысымен кездесуге келген халықтың ішінен 30-40 адам сұрақ қойды. Олардың барлығы ең бірінші сұрақтарын өз учаскелік полицейлеріне алғыс айтудан бастады.

"Мен Астана қаласының тұрғынымын. Пəтерімді жалға беремін. Бірақ, жеке кәсіпкер ретінде салықты төлеп тұрамын. Жуырда қатты аяз кезінде бір жігіт келіп, пəтерімді жалға алды. Басқа қаладан келгенін, құжаттарын ұмытып кеткенін айтқан соң, түн ішінде аядым да, пəтерімді жалға бердім. Бірақ, сақтық үшін оны суретке түсіріп алдым. Үш-төрт күннен кейін пəтеріме барсам, əлгі жігіт мені тонап кетіпті. Учаскелік полицейге арызданып едім, ол еш құжаты жоқ жігітті менің ұялы телефонымдағы суретке қарап тауып берді. Үлкен қылмыстың бетін ашты. Мен оны марапатқа ұсынып, Ішкі істер министрлігіне хат жаздым, бірақ жауап келмейді, егер сіздің қолыңыздан келсе, учаскелік полицейлерді марапаттап отырсаңыз", - деді елорданың Роза есімді тұрғыны.

Сонымен қатар, Астана қаласы Алматы ауданында тұратын азаматша өзімен көрші тұратын учаскелік полицейдің қызметтік формасын тастамайтынын айтып, сондай жас мамандарды баспанамен қамту мəселесін көтерді.

"Мен Алматы ауданында тұрамын. Көршім - Қанат есімді жігіт учаскелік полицей. Оны қашан көрсем де қызметтік формамен жүреді. Үш баласы бар, бірақ, формасын шешіп, сол үш баласымен қыдырып жүргенін ешқашан көрген емеспін. Мен үлкен кісімен, күндіз-түні үйдемін, қыс түскенше ылғи далада отырамын. Сонда учаскелік полицейдің  үш баласымен ойнап жүргенін, тым болмағанда үйіне ерте қайтып, формасыз жүрген кезін көрген емеспін. Демалыс дегенді білмейді, оларды да демалдырып тұрсаңыздар. Үш баласымен бір бөлмені жалдап отыр, баспанасы да жоқ. Ал, Қанатты əрбір пәтер иесі танып, ол туралы тек жақсы əңгіме айтады. Білуімше, көршілеріміздің талайына көмектескен. Менің де оған айтар алғысым бар",-деді қала тұрғыны.

Бұған қатысты Жергілікті полиция басшысы Бақытжан Малыбаев өзі де төрт баласын көрмейтінін айтты.

"Астанада қылмыс жойылғанда демаламыз, - деп қалжыңдады Малыбаев. - Білесіз бе, менің де төрт балам бар, мен де оларды сирек көремін десем болады. Оларды  киноға қашан апарғаным есімде жоқ. Бірақ, біз Отан алдында Ант бергеміз. Ал, біз үшін Антқа адалдық - басты міндет. Сондықтан, халықтың қауіпсіздігі үшін демалыссыз жұмыс істейміз. Бірақ, алда келе жатқан мерекелерге орай, учаскелік полицейлердің бəріне сыйақы тағайындадым. Баспана да бергіміз келеді. Оның бəріне кезек, уақыт керек",-деп жауап берді Б.Малыбаев.

Жергілікті полиция басшысына сұрақ қойған өзге тұрғындар да учаскелік полицейлерге алғыс  білдірді. Тіпті, полиция қызметкерлеріне тіл тигізетін, жемқор деп айыптайтын тұрғындардың өзіне айыппұл салу керек деген ұсыныс түсіргендер де болды.

Айта кетейік,  учаскелік полиция инспекторлары, кәмелетке толмағандар істері, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшелер, жол-патрульдік полициясы, табиғатты қорғау полициясы, қабылдау-бөлу орындары және арнаулы қабылдау орындары жергілікті полиция қызметінің қарамағына кіреді.

Соңғы жаңалықтар