Астана тұрғынынан құны 59 млн. теңге болатын 9 келіге жуық героин табылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жедел-іздеу шараларын өткізу барысында Астана қалалық ІІД-нің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «Арлан» арнайы бөлімшесінің жауынгерлері және ІІД-нің кинологиялық қызметімен бірігіп, қызметтік-іздеу иттерінің көмегімен есірткіге қатысты заңсыз іс-қимылдарға қатысты тұлғаларды ұстау, сондай-ақ елорда аумағында аса ірі көлемде есірткіні сату арнасын жабу бойынша арнайы операцияны жүргізді.

Астана тұрғынынан құны  59 млн. теңге болатын 9 келіге жуық героин табылды

Салмағы 3 келіден астам «героин» есірткілік заттың сатқаны үшін Астана қаласының 41 жастағы тұрғыны ұсталды. Полицейлер тергеу шараларын өткізіп, оны тексеру кезінде үйінің ауласындағы құрылыстан сондай-ақ салмағы бес келіден астам героинді анықтады. Алынған есірткінің жалпы салмағы 9 келіге жуық болды, деп хабарлады Астана қалалық ІІД-нің баспасөз қызметінен.

Қара базарда алынған есірткінің бағасы шамамен 59 миллион теңгені немесе 40 мыңға жуық дозаны құрайды.

Азамат «Л»-ға қатысты ҚР ҚК-нің 297-бабының 4-бөлімі бойынша сот алдындағы тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Астана қалалық ІІД-нің Тергеу басқармасы тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Қазіргі уақытта Астана қалалық ІІД-нің қызметкерлері есірткіні жеткізу арналарын және есірткіні сату кестесін, сондай-ақ ұсталған азаматтың елорда аумағында есірткі қылмыстарын жасауға қатысын анықтау мақсатымен арнайы жедел-іздеу шаралар кешенін жүргізуде.

Жыл басынан бері ІІД-нің бөлімшелері түрлі есірткілік заттардың 90 келісін заңсыз айналымнан шығарды. Есірткі заттарының заңсыз айналымымен байланысты қылмыстық әрекеттердің 213 фактісі анықталған.