«Астана - түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының ашылуы барша түркітілдес мемлекеттердің рухани дамуына соны серпін береді - Д.Мыңбай

АСТАНА. 25 ақпан. ҚазАқпарат - Кеше елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Астана - түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының ашылу салтанаты өтті.
None
None

Мәдени шара барысында мәртебелі меймандар мен елорда жұртшылығының алдына шығып сөз сөйлеген ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай: «Еуразия төріндегі әсем Астана бірте-бірте әлем қауымдастығы көз алдында іргелі орталықтардың біріне айналып келеді. Бүгінгі «Астана - түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының ашылуы салтанатына арналған мәдени шара барша түркітілдес мемлекеттердің рухани дамуына соны серпін беретіні сөзсіз. Осы жылдың аясында биылғы Наурыз мерекесін тойлау, суретшілер кездесуін ұйымдастыру, Қазақстандағы Әзірбайжанның мәдени күндерін өткізу сияқты жалпы түркі мәдениетін дәріптейтін бірқатар мәдени жобаларды жүзеге асыратын боламыз. Біздің бүгінгі мәдени шарамыз ерекше бір жағдайда өтуде. Алтайдан Ақ теңізге, Сібірден Парсы шығанағына дейінгі ұлан байтақ Еуразия кеңістігін жайлап жатқан біздің туыстас елдеріміз, бауырлас халықтарымыз жаһандық деңгейдегі  әртүрлі істерге белсене араласып, маңызды халықаралық және өңірлік ұйымдардың тізгіндерін қолға ұстап келеді», - деді.

Осы ретте министр бұрнағы жылы ғана Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық міндетін үлкен абыроймен атқарғандығын, сонымен қатар өткен жылдары ШЫҰ-ны басқарып, ИЫҰ-ның Сыртқы істер министрлері кеңесіне төрағалық ету ісін де ойдағыдай жүзеге асырғандығын баса айтты.

Жылдың ресми ашылу рәсімінен кейін Қазақстанның өнер шеберлерінің концерті ұйымдастырылды. Оған Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, халықаралық конкурстардың лауреаттары Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина, «Ұлытау» және «Керулен» топтары, сонымен қатар Әзірбайжан, Түркия, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан, Хакасия және Гагаузиялардың танымал фольклорлық ұжымдары мен жеке орындаушылары өнер көрсетті.

Соңғы жаңалықтар