Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астана турнирі: Дамир Жалғасбай мен Асылжан Арыстанбекова финалға шығу үшін таласады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисшілер Дамир Жалғасбай мен Асылжан Арыстанбекова жекелей сында Астана World Tennis Tour M15/W15 Asu Open турнирінің жартылай финалына шықты.

в
Фото: ҚТФ

Дамир Жалғасбай ширек финалда әлемдік рейтингіде 1 132-орындағы үндістандық Маан Кешарваниға тап келді.

Үндістандық теннисші осы жарыстың алғашқы айналымында тағы бір қазақстандық Әмір Омархановты 4:6, 6:3, 6:4 есебімен жеңіп кеткен еді. Үшінші, шешуші сетте Әмір 4:1 есебімен алда тұрып, сол басымдылығын ұстап тұра алмады.

Бір апта бұрын Дамир Астанада дәл осы М.Кешарваниді 6:1, 6:2 есебімен ұтқан еді.

Бұл жолы да Д.Жалғасбай айқын басымдылықпен жеңіске жетті – 6:3, 6:1. 

Дамир Жалғасбай финалға шығу үшін әлемнің 578-інші, доданың 2-ракеткасы, үндістандық Саси Кумар Мукундпен таласады.

Әйелдер арасында әлемнің 946-ракеткасы Асылжан Арыстанбекова ширек финалда ресейлік, рейтингіде 1 027-сатыдағы Анна Пушкареваны қапы қалдырды – 6:4, 6:4. 

Осылайша, Асылжан да жартылай финалға жолдама алды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Астана турнирінде қос қазақстандық теннисшінің ширек финалға жолдама алғанын жазған едік

Сондай-ақ Елена Рыбакина Торонто турнирінің төртінші айналымына өтті.