Астана жастары Мемлекеттік рәміздер күнін ерекше атап өтті - ВИДЕО
"Шараға 5 мыңнан астам жастар қатысып, өздерінің елімізге, жерімізге, рәміздерімізге, Елбасымызға деген сүйіспеншіліктерін көрсетуде. Акцияның басты мақсаты - өскелең ұрпақтың бойына патриотизм рухын сеуіп, оларды отансүйгіштікке тәрбиелеу", - деп атап өтті Астана қаласы әкімдігінің Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Талғат Рахманберді.
"Патриотизм толқынында!" атты шараға 2 мыңға жуық жастар қатысып, Есіл өзенінің жағасында би билеп, патриоттық ұрандар айтты. Ал үш үлкен кемеге мінген ақындар мен әншілер Есілдің бойымен жүзіп отырып, өздерінің патриоттық сарындағы өлеңдерін оқып, әндер шырқады.
Осыдан кейін шара "Дәулет" ұлттық теннис орталығында "Менің Қазақстаным! Менің Астанам!" атты кең ауқымды патриоттық акциясымен жалғасты. Оған танымал әншілер Маржан Арапбаева, Гүлнұр Оразымбетова, "Бәйтерек" тобы, "Ақселеу" дуэті, "Арлан" тобы, "Z" триосы және әлемдік спорт додаларында қазақтың көк байрағын биікте желбіретіп, Әнұранын қалықтатып жүрген спортшылар қатысты.