Астана «Жер сағаты» жаһандық акциясын қолдайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 29 наурызда Астанада жергілікті уақыт бойынша сағат 20.30-да «Жер сағаты» жаһандық акциясы өтеді.
None
None

Шара табиғатты сақтаудың, планетамыздағы шектеулі ресурстарға қамқорлық көрсетудің нышаны болып табылады. Бүгін белгіленген уақытта әлемнің түрлі елдеріндегі адамдар климаттың өзгеруімен күрес идеясына қолдау көрсету үшін бір сағатқа жарықты сөндіреді. Акцияға Қазақстанның бас қаласы да қосылады. Бұл туралы astana.kz сайтына «Тұрақты даму» Жер қорынан хабарлады.

Акция барысында әлем бойынша планетаның болашағы үшін біріккен іс-қимылдардың қажет екендігін көрсету үшін бір сағатқа жарық өшіріледі.

Өткен жылы акцияға әлемнің 150 елінен 2 миллиард адам қатысқан болатын. Жер сағаты кезінде танымал ғимараттарда жарық сөндіріледі. Биыл олардың қатарына Алматы қаласындағы Көктөбе телемұнарасы, Астана-Бәйтерек монументі, Мәскеу Кремлі, Эйфель мұнарасы, Биг Бен, Рим Колизейі және басқа да жүздеген ғимарат еніп отыр.

Астанада іс-шара аясында қызықты бағдарлама әзірленеді, музыкалық ұжымдар өнер көрсетеді, би думаны ұйымдастырылып, Қазақстан тарихында алғаш рет ең көп көлемде қағаз ұшақтар ұшырылады. Сонымен қатар, «Жер сағаты» кезінде қатысушыларға керемет тосын сый жасалмақ.

Айта кетейік, Қазақстан акцияға ресми түрде 2009 жылы қосылды, оған Астана мен Алматы қалалары және 400 астам компания қатысты. 2010 жылы "Жер сағатына" 126 мемлекеттен 1,3 миллиард адам мен 4600 қала тартылды. Ал 2011 жылы аталған акцияға қатысуға 135 мемлекеттің 5251 қаласы, 1,8 миллиард адам ниет білдірді. 2011 жылы шара барысында 1059 танымал ескерткіште, соның ішінде «Бәйтерек» монументінде жарық өшірілді. Бұдан басқа, «Жер сағаты» шарасын Қазақстанның 60 қаласы қолдады. Астанада 54 астам ғимаратта жарық сөндірілді. Еліміздің көптеген қалаларындағы орталық ғимараттарда жарықтандыру өшіріліп, түрлі іс-шаралар, конкурстар мен фестивальдар өткізілді. Алматыда жарқыраған веложорықтар ұйымдастырылды. Ал 2012 жылы қатысушылар бір сағатқа жарықты өшіріп, Жер үшін өздерінің шағын ерліктерін жасады.

Айта кетейік, акцияға қатысатын адамдар, қалалар мен мемлекеттер саны жыл сайын артып келеді.

Биыл «Жер сағаты-2014» қалалық жасыл аймақтарды абаттандыру және орманды сақтау мен қалпына келтіру мақсатында «Ағаш отырғызу күні» қамқорлығымен өтеді.

Соңғы жаңалықтар