Астанада 10 мыңнан астам бала бір мезетте әнұран орындады
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік рәміздер күніне орай, Астанадағы мектептер мен білім беру ұйымдарының жазғы лагерьлерінде ауқымды патриоттық іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлады елорда әкімдігі.

— Қаланың 92 мектебі мен 13 қосымша білім беру орталығының қатысуымен өткен бұл іс-шара аясында 10 000-нан астам бала бір мезетте Мемлекеттік әнұранды орындады. Мұндағы мақсат — жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу, — делінген хабарламада.

Әнұран шырқау рәсімі балалардың өз Отанына деген мақтаныш сезімін оятып, біріктіруші рух берді. Мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақты азаматтық жауапкершілікке тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.
Айта кетейік, 4 маусым — Мемлекеттік рәміздер күні, бұл мереке 2007 жылдан бері ресми түрде аталып өтеді. Бұл күн — Елтаңба, Ту мен Әнұран сынды тәуелсіздігіміздің нышандарын құрметтеудің жарқын көрінісі.
Бұған дейін Астанада 3 мың Рубик кубигінен Елтаңба бейнесі құрастырылғанын жазғанбыз.