Астанада 10 мыңнан астам оқушы нашақорлыққа қарсы интерактивті сабаққа қатысты
Оған онлайн режімде қаладағы барлық мектептердің 10 мыңға тарта оқушысы қатысты. Шарада ҚР ІІМ Есірткіге қарсы күрес департаментінің басшысы Сұлтан Құсетов, қазақстандық гимнасшы Анна Альябева, нарколог-дәрігерлер мен есірткіге қарсы күрес бағытындағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері баяндама жасады.
"Бүгінгі іс-шараның мақсаты - мектеп жасындағы балаларды, кәмелетке толмаған жастарды нашақорлықтан сақтау, алдын алу. Сондықтан бүгінгі жиналған жс өскіндерге біз есірткінің қандай зияны барын, неге оны тұтынудың қажеті жоқ екенін, салауатты өмір салтын сақтану бойынша ақпаратты беріп жатырмыз. Бұл сабаққа Астана қаласының 50 мектебі қатысып отыр. Әр мектептен 50-ден 200- ге дейін оқушы қатысуда. Бұл шамамен 10 мың бала бүгінгі ақпаратты тыңдауда деген сөз", - дейді ҚР ІІМ Есірткіге қарсы күрес департаментінің аға-инспекторы Риза Төлеубаева.
Соңғы бес жылдағы статистика бойынша, есірткіге еліткендер саны 40 мыңнан 30 мыңға дейін төмендеген. Оның ішінде кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы нашақорлар саны 77,3 пайызға кеміген.