Астанада 15-16 қарашада Ақтөбе, Ақмола облыстары мен Алматы қаласының күндері өтеді
Астанадағы аймақтар күнінде қонақтар елордаға өз өңірлерінің бар жақсысы мен ерекшелігін көрсетіп, ұсынады.
Астаналықтарды ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі, көрме және концерттік бағдарламалар күтіп тұр.
16 қарашада Бейбітшілік және келісім сарайында Ақтөбе, Ақмола облыстары мен Алматы қаласының өнер шеберлерінің бірлескен концерті өтеді. Концертте аталған облыстардың өнерпаздары өз өнерлерін Астана жұртшылығына паш етеді. Концерттік бағдарламада екі облыс пен Алматы қаласының бірлескен қазақ ұлт аспаптар оркестрі, би ұжымдары, фольклорлық, домбырашылар ансамбльдері, сондай-ақ елімізге танымал Мәдина Сәдуақасова, Рүстем Нұржігітов, «Кешью» және «Парасат» тобы, А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің оқушылары, Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрі өнер көрсетеді деп күтілуде.
Естеріңізге сала кетейік, алғаш болып аймақтар күнін 8-9 қыркүйекте - Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстары ашқан болса, 28-29 қыркүйекте Астанада Қостанай, Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан, 11-12 қазанда Маңғыстау, Қарағанды және Солтүстік-Қазақстан, ал 25-26 қазан күндері Алматы, Павлодар, Батыс-Қазақстан облыстарының күндері өтті.