Астанада 164 кәсіпкерге 3,2 миллион теңге айыппұл салынды
АСТАНА. KAZINFORM — Биылғы бірінші жартыжылдықта тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заң талаптарын бұзған 164 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Астана қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Еркебұлан Тағашов мәлім етті.
— Заң талаптарын бұзған 164 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 3,2 миллион теңгені құрады, — деді Еркебұлан Тағашов.
Оның айтуынша, тұтынушылар мен кәсіпкерлер арасындағы даулардың басым бөлігі сотқа жеткізілмей шешілген.
— Заң талаптары түсіндірілгеннен кейін көптеген кәсіпкер тұтынушыларға ақшасын ерікті түрде қайтарып, шарт бойынша міндеттемелерін орындады, — деді департамент басшысы.
Еркебұлан Тағашов тұтынушыларға құқықтары бұзылған жағдайда алдымен сатушыға, орындаушыға немесе өндірушіге жазбаша талап қою қажет екенін еске салды.
— Егер 10 күнтізбелік күн ішінде жауап берілмесе немесе талап орындалмаса, талаптың көшірмесін, шартты (бар болса), төлем құжаттарын және құқықтың бұзылғанын растайтын өзге де материалдарды қоса тіркеп, Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінуге болады, — деді ол.
Сонымен қатар, азаматтар сот арқылы өз құқықтарын қорғауға, төленген қаражатты қайтаруды, келтірілген залалды өтеуді, моральдық зиян үшін өтемақы өндіріп алуды, тұрақсыздық айыбы мен сот шығындарын өндіріп алуды талап етуге құқылы.
— Қажет болған жағдайда департамент сот процесіне үшінші тұлға ретінде қатысып, іс бойынша қорытынды бере алады, — деп толықтырды Еркебұлан Тағашов.
Айта кетейік, бұған дейін елордада тұтынушылардан түскен шағымдар санының 55 пайызға артқаны туралы жазған едік.