Астанада 19 жастағы қыздан бір келі мефедрон мен 300-ден астам түйіншек табылды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада есірткі сақтап, оны таратты деген күдікпен 19 жастағы қыз ұсталды. Оның жалға алған пәтерінен шамамен бір келі мефедрон, 300-ден астам дайын түйіншек және есірткіні өлшеп, орауға арналған құралдар тәркіленді.

Астанада 19 жастағы қыздан бір келі мефедрон мен 300-ден астам түйіншек табылды
Фото: Polisia.kz

Полицейлер күдіктіні жедел-іздестіру іс-шаралары барысында тұрғын үйдің кіреберісінде ұстаған. Кейін оның жалға алған студиялық пәтеріне тінту жүргізілді.

Ас үйдегі шкафтан ақ түсті ұнтақ салынған пластик ыдыс табылды. Ал бөлмедегі аяқ киім қорабының ішінен дәл осындай зат салынған тағы бір ыдыс шықты. Сонымен қатар 300-ден астам түйіншек пен есірткіні өлшеп, орауға арналған құрал-жабдықтар тәркіленді.

Тәркіленген заттың жалпы салмағы шамамен бір келі болды. Сараптама оның мефедрон екенін растады.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Алдын ала мәлімет бойынша, қыз есірткіні сақтап, кейін одан әрі тарату үшін басқа адамдарға беріп отырған. Қазір құқыққа қайшы әрекетке қатысы болуы мүмкін өзге де тұлғалар анықталып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Ақтауға 113 капсула есірткі жұтып келген Иран азаматы сотталғанын хабарлаған едік.