Астанада 2015 жылдан бері сальмонеллез анықталған 98 тонна құс еті жойылды - АШМ

Астанада жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерін сататын 14 базар бар. Оның барлығында ветеринарлық дәрігерлер жұмыс істеп, ветеринарлық құжаттардың сәйкестігін, ет және сүт өнімдерінің сапасын тексереді. «Жыл басынан бері жүргізілген тексерулер қорытындысы бойынша ветеринар инспекторлар 3 млн. теңгеден астам сомағы 70 айыппұл салған. Негізгі бұзушылықтар ілеспе ветеринарлық құжаттардың болмауына, бақыланатын тауарларды тасымалдау барысында ветеринарлық-санитарлық ережелер мен талаптардың сақталмауына қатысты болып отыр», - делінген баспасөз баянында.
Мәліметтерге қарағанда, 2015 жылдан бері зертханалық тексерулер негізінде сальмонеллез ауруын жұқтырған 98 тонна құс еті жойылған. «Нұрдәулет», «Орталық базар», «Әлем» сауда орталықтарынан тиісті құжаттары жоқ 60 келіден астам құс еті тәркіленген. Ал Польша мен Германиядан жеткізілген сиыр етінен жасалған өнімдердің 32666,46 тоннасынан листерия моноцитогенес пен ішек таяқша бактериялары анықталды.
«Бүгінгі күні ішкі сауданың барлық нысандары компьютерлік техникамен және интернетпен жарақтандырылған. Қажетті ақпараттар мен мәліметтер базасына қолжетімді», - делінген баспасөз баянында.