Астанада 27 елдің 1100-ден астам таеквондошысы бас қосады
АСТАНА. KAZINFORM – Маусым айының соңында елордада таеквондодан әлемдік деңгейдегі екі ірі халықаралық жарыс өтеді.
22-23 маусым күндері Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында Алтай таеквондо одағының тұңғыш чемпионаты – Altaic Taekwondo Championships ұйымдастырылады. Ал 25-27 маусым аралығында дәстүрлі Kazakhstan Open халықаралық рейтингтік турнирі өтеді.
Алтай таеквондо одағының алғашқы чемпионаты ересектер мен жастар арасында өткізіледі. G-1 санатындағы жарыста спортшылар әлемдік рейтингке қажетті ұпайларды сарапқа салады.
Айта кету керек, Алтай таеквондо одағы 2025 жылы Қытайдың Уси қаласында өткен әлем чемпионаты барысында құрылған. Ұйымға Алтай өңіріне кіретін он елдің ұлттық федерациялары мүше. Оның алғашқы президенті болып Қазақстан таеквондо федерациясының басшысы Кудрәт Шамиев сайланған.
Ал 25-27 маусым аралығында өтетін Kazakhstan Open турниріне әлемнің 27 елінен 1106 спортшы қатысады деп күтілуде. Жарыста Армения, АҚШ, Аустралия, Әзербайжан, Бахрейн, Канада, Үндістан, Иран, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия, Өзбекстан және басқа да елдердің спортшылары бақ сынайды.
«Биылғы турнирге Олимпиада чемпиондары, әлем және Азия чемпиондары қатысады. Олардың қатарында Олимпиада жеңімпаздары Пак Тхе Джун мен Фирас Катуси, сондай-ақ әлемдік таеквондоның басқа да танымал жұлдыздары бар. Бұл жарыс қазақстандық спортшылар үшін де маңызды сынақ болмақ», – деп хабарлады ұйымдастырушылар.
Қазақстан құрамасы сапында Бейбарыс Қаблан, Батырхан Төлеуғали, Айдана Құмартаева, Самирхон Абабакиров, Нодира Ахмедова және Тамирлан Тлеулес өнер көрсетеді. Сонымен қатар жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері де татамиге шығады.
Kazakhstan Open – World Taekwondo ұйымының ресми жарыстар күнтізбесіне енген беделді турнирлердің бірі. Жеңімпаздарға әлемдік рейтингтің 10 ұпайы, күміс жүлдегерлерге 6 ұпай, ал қола жүлдегерлерге 3,6 ұпай беріледі.
Жарыстарға Дүниежүзілік таеквондо федерациясының президенті Чунгвон Чо мен Азия таеквондо одағының жетекшілері де қатысады деп жоспарланған.
Айта кетейік, Қазақстан 2026 жылы 20-ға жуық халықаралық жарысты қабылдайды.