Астанада 3 адам зардап шеккен жол апаты тексеріліп жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «Керуен» ОСО аумағында болған жол-көлік оқиғасы тексеріліп жатыр. Бұл туралы Астана ІІД баспасөз қызметі хабарлады.
«Керуен» ОСО көлік тұрағының аумағында болған жол-көлік оқиғасын полицейлер тексеріп жатыр. Қажетті сараптама тағайындалды», - делінген баспасөз хабарламасында.
Еске сала кетейік, кеше түнде «Infiniti» автомашинасының жүргізушісі «Керуен» ОСО аумағында көлік тұрағында тұрған «Toyota Camry» көлігімен соқтығысып, кейін тратуарға шығып, екі жаяу жүргіншіні басып кетеді. Содан кейін басқа «Toyota» көлігімен соқтығысып, инерциямен ағашқа соғылған еді.
Жол оқиғасы салдарынан түрлі жарақат алған 28 жастағы бойжеткен (жаяу жүргінші) мен 38 жастағы «Infiniti» жүргізушісі ауруханаға жеткізілді.
25 жастағы тағы бір жаяу жүргінші медициналық көмектен кейін үйіне қайтарылды.