Астанада 306 рет жол ережесін бұзған жүргізуші қамауға алынды
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада жол қозғалысы ережесін жүйелі түрде бұзған 25 жастағы жүргізуші 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Ол жыл басынан бері жол ережесін 306 рет бұзған.
Астана прокуратурасы мәліметінше, мониторинг барысында Hyundai Palisade көлігінің жүргізушісі анықталған. Оның 169 құқық бұзушылығы белгіленген жылдамдықты асыруға, тағы 134-і автобус жолағымен жүруге қатысты болған.
Мысалы, 3 мамырда бейнебақылау камералары жүргізушінің Ұлы Дала даңғылында көлікті сағатына 137 шақырым жылдамдықпен жүргізгенін тіркеген.
Прокуратура жүргізушінің әрекеттерін жүйелі әрі қоғамға қауіпті деп бағалаған. Сот оның әрекетін ұсақ бұзақылық ретінде қарап, 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу туралы шешім шығарған.
Прокуратураның хабарлауынша, мұндай шаралар полициямен бірлесіп, жол қозғалысы ережесін өрескел бұзатын жүргізушілердің әрекетін тоқтатуға бағытталған.
Еске салайық, бұған дейін Алматы тұрғындары бір тәулікте 1 500-ден астам рет жол ережесін бұзғанын хабарлағанбыз.