Астанада 4 күнде үш мыңға жуық әкімшілік бұзушылық тіркелді
АСТАНА. 20 қаңтар. ҚазАқпарат - Елордада «Астана жолдарындағы қауіпсіздік» алдын алу іс-шарасы аясында 2620 жуық әкімшілік бұзушылық анықталды. Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық Ішкі істер департаментінен хабарлады.
«Астана жолдарындағы қауіпсіздік» алдын алу іс-шарасы барысында полицейлер 2620 астам әкімшілік бұзушылық тіркеді, соның ішінде 27 көлікті мас күйінде басқару, 42 көлікті басқару кезінде ұялы телефонмен сөйлесу, 53 қауіпсіздік белдіктерін тағу ережелерін бұзу фактілері», - делінген хабарламада.
Бұдан басқа, Жол қозғалысы ережелерін бұзған жаяу жүргіншілерге қатысты 94 хаттама толтырылды, жол қозғалысына қатысушылардың жолға қоқыс тастауының 59 фактісі тіркелді. Сонымен қатар, қоғамдық орындарда темекі шеккені үшін 168 адам, алкогольдік ішімдіктер ішкен 718 және тыныштық бұзған 279 құқық бұзушы ұсталды.
Айта кетейік, елордалық әкімшілік полиция қызметкерлері мүдделі ведомстволармен бірлесіп мектептерде, мектепке дейінгі мекемелерде және қалалық автобус парктерінің еңбек ұжымдарында жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселелері жөнінде 102 дәріс пен әңгімелесу ұйымдастырды. Сондай-ақ, әкімшілік полиция қызметкерлері 8 қылмысты ашты: екі тонау, 3 ұрлық пен денсаулыққа зиян келтіру, есірткіні заңсыз сақтау, қаруды заңсыз сақтау және алып жүру фактілері. Еске салайық, «Астана жолдарындағы қауіпсіздік» алдын алу іс-шарасы 16-19 қаңтарда өткізілді. Іс-шара барысында Әкімшілік полиция басқармасының жеке құрамы күшейтілген тәртіпте қызмет етті. Мақсаты елорда көшелерінде құқықтық тәртіп орнату, жолдардағы апаттылық жағдайын тұрақтандыру болып табылады.