Астанада 45 ассенизаторға айыппұл салынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері Астана қалалық ІІД-нің Жергілікті полиция қызметі абаттандыру қағидаларын бұзған 45 ассенизаторлық автокөлік жүргізушісіне 1 537 725 теңге айыппұл белгіледі.
Астана қалалық ІІД-нің Жергілікті полиция қызметінің табиғатты қорғау полициясы анықтаған соңғы фактілердің бірі - 1970 жылғы жүргізуші басқарған «ГАЗ 53» автокөлігінің ұсталуы. Ассенизатор С.Сейфуллин көшесі, 65 мекенжайындағы кәрізге қалдық су төккен.
Мұндай құқық бұзушылықты 46 жастағы ер адамның бір жылда бірнеше рет қайталағанын ескере отырып, поилция ҚР ӘҚбК-нің 505-бабының екінші бөлімі «Абаттандыру қағидаларын бұзу» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты. Азамат Д.-ға қатысты 30 АЕК (63 630 теңге) көлеміндегі айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылды, деп хабарлады ІІД жергілікті полиция қызметінің баспасөз қызметі.