Астанада 49 адам 82 млн теңгесінен айырылып, сан соғып қалды

АСТАНА. KAZINFORM — Табысты кәсіпкердің кейпіне кірген алаяқ клиенттерін алдап соғып, Ресей Федерациясынан бәсекеге қабілетті бағамен еден сатып алу мүмкіндігі бар деп жаңылыстырған. Бұл туралы Астана қаласының прокуратурасы мәлім етті.

мошенничество
Коллаж: Kazinform / Freepik

Азаматтардың сеніміне кірген алаяқ жалған келісім-шарт жасау арқылы тұтынушыларына сан соқтырды. 

— Сотталушы әлеуетті сатып алушыларды әлеуметтік желілерде өзінің жалған әрекеттерін белсенді түрде жарнамалай отырып, шетелден құрылыс материалдарын жеткізуде қалыптасқан байланыстар туралы сендірген. Мысалы, жәбірленушілердің біріне 6 млн теңгеден астам залал келтірілген, бұл қаражатты қылмыскер өз қалауы бойынша жұмсаған, - делінген хабарламада.

49 адам — жалпы сомасы 82 млн теңгеден астам шығынға батты. 

Сотта прокурорлар сотталушының өз міндеттемелерін орындауға нақты мүмкіндігі болмағанын, жеткізу шарттарын өзінің қылмыстық ниетін іске асыру мақсатында жасағанын, жымқырылған ақшалай қаражатты жеке мақсатта жұмсағанын дәлелдеді.

Сонымен қатар, сотты болған адам осыған ұқсас алаяқтық фактілері үшін бұрын бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтегені анықталды.

Дәлелдемелердің бұлтартпас болуына байланысты сотталушы өз кінәсін толық мойындады.

Қылмыскер 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды, жәбірленушілердің азаматтық талаптары толығымен қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енді.

Елорда прокуратурасы азаматтарды сақ болуға және күмәнді мәмілелерге бармауғы шақырады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлытау облысында қаржылық пирамида ұйымдастырған азамат сотталғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар