Астанада 9 айда 15 мыңнан астам жаяу жүргінші жол қозғалысы ережелерін бұзған

«Тәжірибе көрсеткендей, жаяу жүргіншілердің ЖҚЕ бұзу салдарынан жол-көлік апаттары, қайғылы оқиғалар жағдайлары жиі орын алады. Жыл басынан бері Астанада жаяу жүргіншілердің кінәсінен болған 125 жол-көлік апатында 10 адам қаза тауып, 124-і жарақат алған. Үстіміздегі жылдың 9 айында Жол қозғалысы ережелерін бұзған 15 мыңнан астам жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды»,- деп хабарлады ведомстводан.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаяу жүргінші жол қозғалысының бір бөлігі болғандықтан жол қозғалысы ережелерін сақтау керек. «Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы» ҚР Кодексіне сәйкес, жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұл салынады. Атап айтқанда, тыйым салынған, көлік жүретін жерлерден және бағдаршамның қызыл шамына жолдан өткені үшін жаяу жүргіншіге 8655 теңге көлемінде айыппұл салынады. Жаяу жүргінші жол қозғалысы ережелерін жүйелі бұзған жағдайда 15 АЕК (25 965 теңге) көлемінде айыппұл салу немесе 3 тәулікке әкімшілік қамауға алу шаралары қарастырылған.
Астанада апаттардың алдын алу және санын азайту мақсатында апта сайын жұма күндері жол полициясы жеке құрамының басым бөлігінің қатысуымен «Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі» профилактикалық күні өткізіледі. Іс-шара барысында жолды тыйым салынған жерлерден немесе бағдаршамның қызыл шамына жолды кесіп өткен тәртіп бұзушыларға баса назар аударылады. Жол полициясы инспекторлары жол-көлік апаттары жиі орын алатын жерлерде дыбыс күшейткіш құралдардың көмегімен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.