Астанада А. Мұсақожаева мен Вильнюс камералық оркестрі классикалық музыка кешін өткізді

Бас дирижер Литваның Ұлттық сыйлығының иегері, мәдениет қайраткері, музыкатанушы, педагог Донатас Каткус. Солисі - Қазақстанның Халық әртісі, әйгілі скрипкашы Айман Мұсақожаева болды. Концерт барысында Мұсақожаева литвалық әріптестерімен бірге Вивальдидің «Жыл мезгілдері» шығармасын орындады. Сонымен қатар кеш бағдарламасы бойынша Серкебаевтің «Шалқыма», Чюрленистің «Анданте» пьесалары мен Мендельсонның №10 симфониясы, Тамуленистің «Диаволеска» атты шығармалары орындалды.
Камералық оркестр 1994 жылы профессор Донатас Каткустың бастамасымен құрылған. Өзінің 18 жылдық ғұмырында ұжым Литваның ғана емес, өзге елдерге де танымал болып үлгерді. Ол Халықаралық шараларда Литва халқының мәдениетін абыроймен ұсынып жүрген бірден бір оркестр. Музыканттар жылына 80 концерт қойып, 15-тен астам концерттік бағдарлама дайындайды. Барокко музыкасы бағытының өкілдері саналатын оркестр қазіргі заман композиторларының сүйікті ұжымы болып отыр. Сондықтан да болар Әулие Кристофор атындағы оркестр жаңашыл, батыл және заманмен бірге аяқ басып келе жатқан оркестр ретінде әйгілі.
«Концерт Қазақстан мен Литва арасындағы дипломатиялық қатынастардың 20 жылдығына арналған. Қазақстан мен Литва елдері осы жылдар ішінде екіжақты ықпалдастық қарқынды дамытты. Саяси қатынастар өте жоғары деңгейде, биыл сауда-саттықтың көлемі ерекше артты. Бірақ бастысы - адами байланыстардың беки түскені! Сондықтан бүгінгі концертте Литваның бай мәдениетін ұсыну мүмкіндігінің туып отырғанына мен ерекше қуаныштымын», - деді Қазақстандағы Литва Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Рокас Бернотас концерттің ашылу рәсімінде.