Астанада Абылай хан даңғылының учаскесі бірнеше күнге жабылады
АСТАНА. KAZINFORM — 4-7 маусым аралығында көлік қозғалысы толықтай шектеледі, деп хабарлайды Астана әкімдігі.

Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы Абылай хан даңғылының Манас көшесінен А.Пушкин көшесіне дейінгі бөлігіне жоғарғы жол жабынын төсеу жұмысын жүргізеді. Осыған байланысты, 4-7 маусым аралығында көлік қозғалысы толықтай жабылады.

Сонымен қатар, 4 маусым күні сағат 22:00–ден 5 маусым күні сағат 13:00–ге дейін Абылай хан даңғылы мен І.Жансүгіров көшесінің қиылысы толығымен жабылады.
— Автобус маршруттарының өзгеру схемасымен жоғарыда көрсетілген схемадан танысуға болады. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлап, ықтимал өзгерістерді ескеруі қажет. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ыңғайсыздықты азайту мақсатында уақытша жол белгілері мен көрсеткіштері орнатылады, — делінген хабарламада.
Бұған дейін Астанада Тұран даңғылы жөндеу жұмысына байланысты уақытша жабылған еді.