Астанада Адам құқығы күніне арналған жиын өтуде

Шара барысында халықаралық ұйымдардың және шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, сондай-ақ азаматтық институттардың жетекшілері Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі Кеңесіне 2013-2015 жылдар аралығында мүше ретінде басым дауыспен сайлануымен құттықтап, табыстар тіледі.
Дөңгелек үстел барысында Қазақстан Республикасының Конституциясымен және қолданыстағы заңнамасымен қамтамасыз етілген адам құқықтары мен бостандықтарының іске асуы туралы, жалпыға танылған халықаралық стандарттарға сәйкес адам құқықтарын қорғау мен қамтамасыз етудің ұлттық тетіктерін одан әрі жетілдіру жайында кеңінен пікір алмасу болды. Талқылауға қатысқан халықаралық және ұлттық сарапшылар Қазақстандағы құқық қорғау механизмдеріне оң бағаларын берді.
Жиынға қатысушылар Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының мәні туралы және адам құқықтары саласында Қазақстан ратификациялаған халықаралық келісім-шарттардың мемлекеттің беделін нығайтудағы және ұлттық заңнама мен құқық қолдану практикасын одан әрі жетілдіре түсудегі маңызды рөлін атап өтті.