Астанада «Әділетті қоғамға — шыншыл сөз» кітабы талқыланды
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада «Әділетті қоғамға — шыншыл сөз» атты таңдаулы ой-толғаулар мен қанатты сөздер жинағын талқылауға арналған жиын өтті. Қоғамда кеңінен талданып, көзіқарақты қауым тарапынан жоғары бағасын алған бұл еңбектің мемлекеттік басқару ісіндегі маңызы мен ұлттық құндылығы сарапшылар мен зиялы қауым арасында жан-жақты таразыланды.
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өткен алқалы басқосуға мемлекет және қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар, сарапшылар, ғалымдар, шығармашылық пен бизнес қауымдастық өкілдері қатысты.
Жиында модераторлық жасаған саяси сарапшы, медиа және коммуникация маманы Жандар Асан Мемлекет басшысының бұл еңбегі қоғамдық сананы серпілтуге, азаматтық жауапкершілікті арттыруға септігін тигізетіндігіне тоқталды.
— Кітаптың мазмұны еліміздің басты стратегиясын айқындайтын бөлімдерден құралған. Айталық, ұлт сапасы, Заң мен Тәртіп, цифрландыру және жасанды интеллект, халықаралық саясат, ұлттық экономика, Таза Қазақстан тақырыптарына қатысты Қасым-Жомарт Кемелұлының ой-пікірлері мемлекетшіл тұлғаның асқақ мұратын айқын көрсетеді, — деп атап өтті Жандар Асан.
Оның айтуынша, бұл еңбек — тек қанатқақты ойлар жинағы ғана емес, еліміздің стратегиялық даму бағдары мен азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі. Онда көтерілген қағидаттар әрбір отандасымыздың бойында заңға құрметті, елге қызмет ету мәдениетін және Отан алдындағы жауапкершілікті нығайтуға бағытталған.
Жиында сөз алған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Жанарбек Әшімжан бұл еңбек басқару ісінде туындайтын түйткілді мәселелерге жауап беріп қана қоймай, мемлекеттік реформалардың логикасы мен елдің тарихи даму жолын тереңірек түсінуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
— Мемлекет басшысының отыз жылдан астам уақыттағы мемлекетшілдік тәжірибесі мен саяси философиясын біріктіретін бұл туынды қоғамның рухани-идеологиялық бағдаршамына айналды. Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатын көпшілікке кеңінен жеткізуде қолымыздағы еңбектің мән-маңызы айрықша. Онда Қасым-Жомарт Кемелұлының мемлекет алдындағы өз миссиясы да жан-жақты талданып, жүйелі түрде ашық көрсетілген. Сондықтан да, ел ертеңін ойлаған барша оқырманды, отаншыл азаматтарды осы кітапты оқып, зерделеуге шақырамын, — деді Жанарбек Әшімжан.
Ал Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов Президент кітабындағы ұстаздар, ғалымдар мен ғылым, цифрландыру, жастар саясаты, ұлттық құндылықтар жайындағы негізгі тұжырымдары мен пайымдары төңірегінде ой өрбітті.
Мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі журналист Нұртөре Жүсіп ұлт сапасы және әділдік құндылықтары төңірегінде пайымды пікірін ортаға салып, ел Президентінің жүргізіп отырған саясатын көпшілікке кеңінен жеткізуде бұл еңбектің мән-маңызы айрықша екеніне тоқталды.
— Жинақтағы ең басты тақырыптардың бірі — ұлт сапасы және әділдік құндылықтары. Замана көшінің қатал сынында отандастарымыздың әділдікті ту еткен бәсекеге қабілетті ұлт ретінде дамуы Мемлекет басшысының әрбір бастамасынан орын алған. Бұл жөнінде Президентіміздің: «Біз білімді әрі білікті, ұқыпты және жауапты, іскер де еңбекқор жұрт болуымыз қажет» деген пікірі де еңбекте орын алған. Жаңа Қазақстанның қоғамдық диалог мәдениеті де бұл жинақта кеңінен қамтылған. Әлеуметтік желілер дәуірінде кез келген пікір санаулы минут ішінде көпшілікке таралатындықтан, айтылған сөзге жауапкершілік бұрынғыдан да арта түсті, — деп атап өтті Нұртөре Жүсіп.
Сондай-ақ жиында саяси ғылымдар докторы Қайрат Айтбай, қоғам қайраткерлері Ғалиасқар Сарыбаев, Бақтияр Өнербаев, «Түркістан» республикалық газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы, «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр және өзге де қатысушылар өз ойларын ортаға салды.
— Мемлекет басшысы атап өткендей, қазір еліміздің саяси жүйесі анағұрлым икемді әрі ашық бола түсті. Азаматтарымыздың сана-сезімі, болмысы өзгеріп жатыр. Соның арқасында халқымыздың мемлекеттік институттарға, заңға және әділдік пен тәртіпке деген сенімі нығаю үстінде. Бұл Мемлекет басшысы мұрат еткен Әділетті, Қауіпсіз және Өркендеген елге айналу үдерісінің нақты өмірде жүзеге асып келе жатқанын айқындайды, — деді жиын қатысушылары.
Еске салайық, 5 тамызда Мемлекет басшысының 1994 жылдан бүгінге дейінгі сөйлеген сөздері, баяндамалары мен ой-толғаулары қамтылған ауқымды жинақ жарық көрген болатын. 21 бөлімнен тұратын басылымда мемлекеттік басқару, заң үстемдігі, цифрландыру, жастар саясаты, экология және «Таза Қазақстан» бастамасы сияқты негізгі тақырыптар қамтылған.