Астанада АЭХА миссиясы ядролық инфрақұрылымды бағалауды бастады

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Қазақстанның ядролық инфрақұрылымына бағалау жүргізу және INIR кешенді шолуының екінші кезеңіне дайындалу жөніндегі бірлескен миссиясы өтіп жатыр.

Астанада АЭХА миссиясы ядролық инфрақұрылымды бағалауды бастады
Фото: ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттік

2026 жылғы 12–15 қазан аралығында өтетін бұл шараға АЭХА сарапшыларымен бірге ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ өкілдері қатысуда.

Бірлескен жұмыстың мақсаты — өзіндік бағалау есебіне қатысты сарапшылардың ұсыныстарын талқылау және INIR миссиясына дайындықтың кейінгі қадамдарын айқындау. Аталған есеп АЭС салу жобасын іске асыру үшін қосымша пысықтауды қажет ететін бағыттарды анықтауға мүмкіндік береді.

Бағдарлама аясында инфрақұрылымның 19 бағыты талқыланады. Олардың қатарында ядролық және радиациялық қауіпсіздік, заңнамалық база, қаржыландыру, кадрлық әлеует, электр желілерінің дайындығы мен ядролық отын циклі бар.

АЭХА-ның INIR кешенді шолуының екінші кезеңі атом энергетикасын дамыту туралы шешім қабылданғаннан кейінгі дайындық кезеңін қамтиды. Бұл кезеңде мемлекет алғашқы АЭС жобасын іске асыруға қажетті жағдайларды қалыптастырып, құрылысқа дайындалады.

Осыған дейін АЭС нысандарын іске қосу мерзімі мен негізгі жұмыстар нақтыланғаны туралы жаздық.