Астанада АИТВ мен ЖИТС-тің алдын алу айлығы басталды
АСТАНА. KAZINFORM — Жыл сайын 1 желтоқсанда әлемде ЖИТС-пен күрес күні өткізіледі, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бұл күндері денсаулық сақтау, азаматтық қоғам, түрлі ведомстволар АИТВ-инфекциясының таралуының алдын алу бойынша тиімді іс-қимыл жасау үшін бірігеді. Осы жұмыс аясында елордада аталмыш дерт түрлерінің алдын алу бойынша «Дұрыс жолды — адам құқықтарының жолын таңдаңыз» айлығы басталды.
— Осы жылдың тоғыз айында елордада АИТВ-инфекциясының 327 жаңа жағдайы анықталды. Олар: 75,2 пайызы — ерлер, 24,8 пайызы — әйелдер, 62,4 пайызы — 20-39 жас аралығында, — делінген хабарламада.
Дүниежүзілік науқан аясында 1 қарашадан 1 желтоқсанға дейін Астанада бірқатар іс-шара өткізіледі.
Осылайша, бір ай ішінде медицина қызметкерлерінің, азаматтық белсенділердің, білім беру ұйымдарының, ведомстволық органдардың қатысуымен АИТВ-инфекциясының алдын алу және АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты стигма мен кемсітушілікке жол бермеу туралы хабардарлықты арттыру бойынша түрлі іс-шаралар өтіп жатыр.
Адамдар көп жиналатын орындарда, сауда-ойын-сауық орталықтарында, базарларда, теміржол вокзалдарында, әуежайда, сондай-ақ өзге өңірлерден келген қала қонақтары үшін АИТВ-инфекциясы мәселелері бойынша мамандардың консультацияларымен АИТВ-инфекциясына жедел тестілеу өткізілетін акциялар өтеді.
Елордада халықтың барлық топтарының АИТВ-ның алдын алу және емдеу қызметтеріне сапалы қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша түрлі шаралар қабылданып жатыр.
Осылайша, медициналық ұйымдарда қызмет көрсетумен қатар, халық инвазивті емес экспресс-тестерді қолдана отырып, АИТВ-ға тестілеуден өтіп, ЖИТС-сервистік үкіметтік емес ұйымдарда кеңес ала алады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, елордада 9 айда 300-ден астам адам АИТВ инфекциясын жұқтырған.