Елордада 9 айда 300-ден астам адам АИТВ инфекциясын жұқтырған
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл елордада тоғыз айдың ішінде адамның иммунтапшылық вирусы инфекциясын (АИТВ) жұқтырудың 327 фактісі тіркелді. Бұл туралы Астана қаласының АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының баспасөз қызметі хабарлайды.
Орталықтың ақпаратында айтылғандай, АИТВ инфекциясын жұқтырғандардың 75,2% - ерлер, 24,8% - әйелдер және олардың 62,4 пайызы 20 және 39 жас аралығындағы азаматтар.
«Жыл сайын астаналықтардың 25%-дан астамы АИТВ-инфекциясына тексеріледі. Тегін тестілеудің қолжетімділігі мен уақтылы жүргізілуінің арқасында инфекция жұқтырудың 80%-дан астам жайты дерттің 1-2 сатысында анықталады. Айта кетсек, инфекция таралуының алдын алуда уақтылы диагностикадан өту маңызды. Елімізде тегін негізде ұсынылатын антиретровирустық терапия қолжетімді», - делінген хабарламада.
Айта кетсек, бүгін Астанада дүниежүзілік ЖИТС-пен (жұқтырылған иммунтапшылығының синдромы) күрес күні қарсаңында АИТВ-инфекциясының алдын алу айлығы басталды. Мақсат – халықты хабардар ету, сауаттылық деңгейін арттыру, АИТВ/ЖИТС проблемаларына жұртшылықтың назарын аудару, профилактикалық бағдарламаларды қолдау, АИТВ-мен өмір сүретін адамдарды кемсітуді азайту.
Бір айдың ішінде медицина қызметкерлерінің, азаматтық белсенділердің, білім беру ұйымдарының, ведомстволық органдар өкілдерінің қатысуымен адамдар көп жиналатын орындарда, сауда-ойын-сауық орталықтарында, базарларда, теміржол вокзалдарында, әуежайда, сондай-ақ басқа өңірлерден келген қала қонақтары үшін АИТВ-инфекциясы мәселелері жөніндегі маманға тестілік консультациядан кейін міндетті түрде АИТВ-инфекциясына жедел тестілеу шаралары өтеді.
Одан бөлек, айлық аясында жастар денсаулық орталықтарының еріктілерін тарта отырып, студенттерге арналған форумдар, пікірталас, флеш-моб, дөңгелек үстел және викториналар ұйымдастырылады.
АИТВ денсаулыққа қаншалықты қауіпті және оның алдын алу үшін не істеу керектігі туралы толығырақ сілтемеге өтіп таныса аласыздар.