Астанада ақпараттық технология саласындағы республикалық форум тұңғыш рет қазақ тілінде өтіп жатыр
АСТАНА. 22 желтоқстан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Астана интернет форумы - 2012» деген тақырыппен тұңғыш рет қазақ тілінде өтетін ақпараттық технология саласындағы республикалық форум өз жұмысын бастады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, форумның басты мақсаты қазақстандық аудиторияға арналған ақпараттық технология саласын дамытып жүргендердің, қазақ тілінде контент жасаушылардың, портал және сайт иелерінің, ақпараттық технологияға жаңа өнім ұсынушылардың басын қосып, өзара тәжірибе алмаса отырып, ортақ жобалардың пайда болуына ықпал ету. Сондай-ақ, қазақ тілді интернеттің қолдану аясын дамыту, жаңа жобаларға жәрдем беру.
ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбеновтің айтуынша, бүгінгі таңда заманауи ақпараттық технологияны дамытып жүрген жастарға бірігіп бас қосып, идеяларымен алмасатын алаң ауадай қажет.
«Мәселен, бүгінде елімізде қазақ тіліндегі әлеуметтік желі құрылып, жұмыс істеп тұрғынын көп адам білмейді. Кейбір талантты жастар интернет ресурстарда жаңалықтар ашып жатыр, олар туралы да екінің бірі біле бермейді. Сондықтан да осы салада еңбек етіп жүрген жастардың арасындағы байланысты күшейту қажет», - дейді ол.
Форумда ақпараттық қауіпсіздік, білім саласындағы интернет, ғаламтордағы аудармашы сайттар, қазақ тілді жобалар мен интернет маркетинг және басқа да тақырыптар талқыланады.
Шара аясында интернетке қатысты жаңа жобалар байқауы да өтеді. Байқауға ниет білдіргендер форумда 7 минуттық таныстырылымын жасауы керек. Қатысушылардың дауыс беру нәтижесінде үш жеңімпазға сайт жасауда материалдық көмек көрсетіледі. Тағы үш адамға бір жылдық тегін хостинг беріледі.
Форумды «Мінбер» ҚҚ, "Нұр Отан" ХДП, «KazakhTimes» жаңа технологиялар орталығы, Астанадағы ГеоГебра институты бірлесіп ұйымдастырып отыр. Шара 22-23 желтоқсан күндері өтеді.