Астанада «Алан туралы аңыз» анимациялық фильмінің таныстырылымы өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада «Алан туралы аңыз» толықметражды анимациялық фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті. Туындыны Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен «САҚ» киностудиясы түсірді.
Таныстырылымға отандық кино саласының өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері, журналистер мен фильмнің шығармашылық тобы қатысты.
Фильм желісі бойынша Қаражалдың әскері бейбіт қаланы басып алады. Кезінде жазықсыз қуылған батыр Барыстың ұлы Алан туған халқын қорғау үшін елге оралады. Ол достары мен серіктерінің көмегімен қаланы азат ету жолындағы күреске аттанады.
Туынды ұлттық және тарихи-мәдени құндылықтарды заманауи анимациямен ұштастырған. Ерлік, достық, әділдік пен мейірімділік туралы шытырман оқиғаға толы фильм алты жастан асқан көрерменге арналған.
– Балаларға арналған фильмдердің маңызы зор. Олар ертегілер мен мультфильмдер арқылы жақсылық пен жамандықты ажыратуды үйренеді. Жас ұрпақтың ана тілінде сөйлейтін, болмысы өзіне жақын кейіпкерлерден үлгі алып өсуі маңызды, – деді Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.
Фильмнің режиссері – Азамат Ерназаров. Сценарийін Бақытжан Құлжабаев, Батырхан Дәуренбеков және Азамат Ерназаров жазған. Продюсері – Нұриддин Паттеев.
Айта кетейік, Павлодар кинотеатрына Шәкен Айманов атауы қайта оралды.