Астанада алаяқтықпен айналысқан «Call-орталық» ұйымдастырушылары ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласы прокуратурасының үйлестіруімен құқық қорғау органдары «қара зере майы» атты биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) сату және «автокөлік ұтысы» туралы жалған ақпарат тарату арқылы азаматтарға жаппай қоңырау шалумен айналысқан заңсыз Call-орталықтың қызметі тоқтатылды.

Астанада алаяқтықпен айналысқан «Call-центр » ұйымдастырушылары ұсталды
Фото: pexels.com

Астана қаласы прокуратурасы мәліметінше, алаяқтар Instagram және TikTok платформалары пайдаланушыларының клиенттік базасын қолданып, қоңырау шалған.

Операторлар азаматтарды автокөлік ұтып алғаны жөнінде жалған ақпаратпен алдап, олардан тіркеу мен кедендік төлемдерді төлеу сылтауымен 150 мыңнан 300 мың теңгеге дейін ақша талап еткен.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында барлығы 14 адамның қылмысқа қатысы бары анықталды. Олар – директор, заңгер, сату бөлімінің басшысы мен операторлар. Тінту барысында 32 ноутбук пен 10 ұялы телефон тәркіленді.

Қылмыстық схеманың екі ұйымдастырушысы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жалпы келтірілген залал – 3,5 млн теңге.

Қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды.

- Астана қаласының прокуратурасы азаматтарды әлеуметтік желілердегі күмәнді ұтыстарға сенбеуге шақырады. Бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену алаяқтық ретінде танылады және бұл әрекет үшін он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын еске саламыз, - делінген хабарламада.

СҚО-да алаяқтар санэпидқызметтің атын жамылып, кәсіпкерлерді бопсалайтынын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар