Астанада «ALEM CUP» халықаралық көркем гимнастика турнирлерінің сериясы өтеді
АСТАНА.KAZINFORM - Астанада жақын және алыс шетелдерден келген 1000-нан астам спортшының басын қосатын «ALEM CUP» халықаралық көркем гимнастика турнирлерінің ауқымды сериясы өтеді, деп жазды қала әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара жоғары деңгейдегі жарыстарды өткізуге толық сәйкес келетін Qazaqstan Athletics спорт кешенінің базасында ұйымдастырылады.
Турнирлер сериясы мына тәртіппен өтеді:
1. «FIG ALEM CUP» – 8, 9, 10 наурыз. Жарысқа Қазақстан, Италия, Кипр, Сирия, Канада және Қырғызстан елдерінен 60-тан астам лицензияланған гимнаст қатысады. «FIG ALEM CUP» – Халықаралық гимнастика федерациясының (FIG) ресми лицензиясы бар спортшылар бақ сынайтын халықаралық деңгейдегі турнир. Жарыс ұлттық құрамалардың үздік өкілдерін біріктіріп, спорттық дипломатия мен халықаралық ынтымақтастықты нығайтатын маңызды алаң саналады. Турнирдің салтанатты ашылу рәсімі 8 наурызда өтеді.
2. «ALEM CUP» республикалық турнирі – 9 және 10 наурыз. Бұл жарысқа Қазақстан Республикасының 200-ден астам гимнасты, спорт шеберлері бағдарламасы бойынша қатысады. Республикалық турнир – жоғары дәрежелі спортшылар үшін негізгі ұлттық алаңдардың бірі әрі ел құрамасының кадрлық резервін қалыптастыруға ықпал етеді. Салтанатты ашылуы – 9 наурыз.
3. «ASTANA CUP» және «ALEM BABY CUP» халықаралық турнирлері – 7 және 8 наурыз. Аталған жарыстарға Израиль, Ресей, Канада, Португалия, Армения және Қазақстан елдерінен шамамен 800 гимнаст қатысады.
Турнирлер барлық жас санатын қамтиды – ең жас қатысушылардан бастап жоғары разрядтағы спортшыларға дейін, оның ішінде алғашқы жарысына қатысатын гимнастар да бар. Бұл бәсекелер бұқаралық спортты дамытуға, көркем гимнастиканы кеңінен насихаттауға және халықаралық спорттық байланыстарды нығайтуға бағытталған.
Турнирлер сериясы Туризм және спорт министрлігінің, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының, Қазақстанның Ұлттық гимнастика федерациясының және қалалық гимнастика түрлері федерациясының қолдауымен өтеді.
«ALEM CUP» турнирлер сериясы – көркем гимнастиканы дамытуға және Қазақстанның халықаралық жарыстар орталығы ретіндегі имиджін нығайтуға бағытталған маңызды халықаралық спорттық іс-шара.
Айта кетейік, футболдан Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионаты іріктеу кезеңін бастайды.