Астанада әлемнің танымал генетиктері адам жасын ұзарту бағытындағы жаңа шешімдерді талқылауда
Конференцияның ұйымдастырушылары болып табылатын Назарбаев университеті екі күнге созылатын бірегей шараға қазақстандық ғалымдардан бөлек, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Ресей, Ұлыбритания елдерінен 40 астам шетел профессорларын, университеттің академиялық әріптестерін шақырған. Осы күндер аралығында олар регенеративті медицина, геномика, жасушалы биология, нанотехнологиялар мен ұзақ өмір сүру саласындағы жаңа стратегияларды пысықтайтын болады.
Бұл үшін Ұлыбританияның танымал геронтологы, СNN және BBC телеарналарының жиі қонағы, адам организмін жақсартуға бағытталған «Қартаюдың стратегиялық инжинирингі» атты қазіргі заманғы теорияның негізін қалаушы, доктор Обри де Грэй Астанаға арнайы ат басын тіреді. Сонымен қатар әйгілі эмбриолог, жануарларды клондау бойынша әлемдегі тұңғыш сынақ - Долли қойын өмірге әкелу жобасының қатысушысы Кейт Кэмпбелл, сондай-ақ эмбрион жасушасын қайта бағдарлау жобасын жасаушы Алиссон Мэрдок конференция барысында баяндама жасайды.
Саламатты өмір салтын ұстану адам өмірін 10-30 жылға ұзартатындығы ғылыми түрде дәлелденді. Ғалымдардың айтуынша, ген терапиясына, жасушаны клондауға, регенеративті медицинаға, жасанды органдар мен нанотехнологияларға негізделген биомедициналық технологияларды әзірлеу мен оларды қолдану адам өмірін 8-20 жылға тағыда ұзартуға мүмкіндік береді.
«Адамның қалыпты, әдеттегі қартаюы шамамен 100-120 жылға созылады. Алайда патологиялық қартаю деген түсінік бар. Осыған байланысты қазіргі уақытта оған қарсы геронто технологиялар мен геронто инжиниринг салалары дамытылуда. Сондықтан біздің алдымызда болашақта гендік және жасуша деңгейінде патологиялық қартаюды анықтайтын биомаркерлерді дайындау мақсаты тұр», - дейді Назарбаев университетінің Өмір туралы ғылым орталығының бас директоры, профессор Жақсыбай Жұмаділов.