Астанада алғаш рет арбадағы теннистен ITF Futures Series турнирі өтеді

АСТАНА. KAZINFORM — 31 мамыр — 7 маусым аралығында Астанада арбадағы теннистен KPMG Open халықаралық турнирі өтеді. 

Астанада алғаш рет арбадағы теннистен ITF Futures Series турнирі өтеді
Фото: ҚТФ

Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, бұл Орталық Азиядағы ITF Futures Series санатындағы алғашқы жарыс болмақ.

Додаға АҚШ, Жапония, Аустралия, Франция, Оңтүстік Корея, Үндістан, Польша, Қырғызстан, Ресей, Беларусь, Қазақстан, барлық 11 мемлекеттен спортшылар қатыспақ.

Қазірдің өзінде әлемдік рейтингіде ТОП-100-ге кіретін ерлерден Жапония өкілі Тамоя Тачи (57), оңтүстіккореялық Ли Джин Хван (74), жапониялық Юшинобу Фуджимото (82), әйелдерден ресейлік Виктория Львова (21), аустралиялық Сэлли Шварц (41), оңтүстіккореялық Джу Юн Пак (60), ресейлік Людмила Бубнова (60) және қазақстандық Айжан Бітімбаеваның (84) бақ сынайтыны белгілі болды.

Турнир Қазақстан теннис федерациясы мен KPMG компаниясының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

Барлық матч елордадағы Beeline Arena ұлттық теннис орталығында ойнатылады. Бірінші жарыс 31 мамыр — 3 маусым, екіншісі 4-7 маусым аралығында өтеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дэвис кубогының іріктеу турнирінде Қазақстан жасөспірімдер құрамасы ширек финалда Жапониямен ойнайтынын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар