Астанада алғаш рет таеквондодан Гран-при финалы өтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында таеквондо мен пара таеквондодан әлемдік Гран-при сериясының финалы ресми жалауы желбіреді.
Елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған халқаралық доданың салтанатты ашылу салтанатына ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, World Taekwondo ұйымының президенті доктор Чунгвон Чоу және Қазақстан таеквондо федерациясының президенті Кудрәт Шамиев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, қазіргі уақытта елімізде таеквондо спортына деген қызығушылық қарқынды артып, бұл спорт түрімен айналысатын отандастарымыздың саны 83 000-нан асқан.
- Осы жарысты Қазақстанда өткізуге қолдау көрсеткен Дүниежүзілік таеквондо федерациясының президенті Чунгвон Чоу мырзаға ерекше алғысымызды айтамыз. Сондай-ақ турнирді жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан Ұлттық таеквондо федерациясы мен барша әріптестерімізге зор ризашылығымызды білдіреміз,- деді министр.
Ол сонымен қатар, қазақстандық таеквандошылардың халықаралық жарыстардағы жоғары жетістіктерін тілге тиек етіп, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
- Бүгінгі турнир — әлемнің үздік спортшылары бас қосып, шеберлік сынасатын айтулы дода. Мұндай ауқымды сайыстар спортшылардың тәжірибе алмасуына, жаңа есімдердің танылуына және таеквондоның одан әрі дамуына серпін береді. Алдағы жекпе-жектер тартысты әрі қызықты өтіп, спортшылар көрермендерге ерекше әсер сыйлайтынына кәміл сенеміз. Барлық қатысушыларға сәттілік, әділ бәсеке және жарқын жеңістер тілейміз,- деді Мырзабосынов.
Қазақстан таеквондо федерациясының президенті Кудрәт Шамиев Астанадағы байрақты бәсекеге Олимпиада және әлем чемпиондары бастаған мықты спортшылар бас қосқанын айтты.
- Осындай айтулы доданың алаңына айналу – біз үшін зор қуаныш, үлкен мәртебе әрі биік жауапкершілік. Қазақстан үшін спорт – тек медаль мен жеңіс емес. Спорт – ұлттарды жақындастыратын, өзара құрметті нығайтатын және бейбіт болашаққа жол ашатын ұлы күш. Біз спорттың шекарасыз мүмкіндіктеріне сенеміз. Ал паратаеквондо бізге ең маңызды ақиқатты дәлелдейді: адам рухының күші кез келген кедергіден биік. Бүгінгі жарысқа қатысушы әрбір спортшы – ерік-жігердің, батылдықтың және шексіз мүмкіндіктің үлгісі,- деді федерация басшысы.
Кудрәт Шамиев бұл халқаралық турнирдің сәтті өтетініне сенім білдіріп, 2027 жылғы Астанада өтетін әлем чемпионатын асыға күтетінін айтты.
Ашылу салтанатында әлемге әйгілі World Taekwondo Demo Team командасы және Kazakhstan Taekwondo Demo Team командасы әсерлі шоу көрсетіп, көрерменнің қошеметіне бөленді.
Айта кетейік, Қазақстанда алғаш рет өтетін G-10 санатындағы бұл додаға Олимпиада, әлем және Азия чемпиондары қатысады. Олар медальдармен қатар Лос-Анджелес Олимпиадасына іріктеуде маңызды рейтингтік ұпайлар үшін сынға түседі.
Спортшылар сегіз олимпиадалық салмақ дәрежесінде бақ сынайды. турнирдің жеңімпазына 100, күміс жүлдегерге 60, қола жүлдегерлерге 36 ұпайдан беріледі.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан таеквондо федерациясы (WT) Астанада өтетін Гран-при финалына қатысатын спортшылардың тізімін жариялады.