Астанада алты айда 2308 алаяқтық қылмыс тіркелді

АСТАНА. 30 шілде. ҚазАқпарат - Астанада ағымдағы жылдың алғашқы алты айында алаяқтықпен байланысты 2308 қылмыс тіркелді.

Астанада алты айда 2308 алаяқтық қылмыс тіркелді

Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық Ішкі істер департаментінен хабарлады.

Ведомствоның мәліметтеріне қарағанда, осы тақілеттес қылмыстардан зардап шеккен астаналықтар құқық қорғау органдарына жиі шағымданады. Алаяқтық фактісінің артуына негізінен, алаяқтармен сөз байласып, күмәнді келісімдер жасасқан көптеген азаматтардың заңдарды білмеуі де себеп. Кейде жәбірленушілер тиімді шарттармен және төмендетілген бағамен қандай да болмасын тауар немесе қызметті аламын деп алаяқтарға ұрынады.

Департаменттің хабарлауынша, жалған қызметтер көрсетемін деп өзгенің ақшасын иемдену секілді алаяқтық түрі жиі (кем дегенде, 50%) кездеседі. Әдетте, бұл адамдар жылжымайтын мүлік нысандарын, қымбат көліктерді, тиімді пайызбен несие алуды ресімдеу бойынша жоғары лауазымды шенеуніктердің «қамқорлығына» ие екендерін айтады.

Айта кетейік, жылжымайтын мүлікті заңсыз иемдену және оны одан әрі ірі сомаға сатумен байланысты қылмыстар қоғамда кең етек жайған. Осындай «келісімдердің» нәтижесінде жәбірленушілер жер сипап қалады.

«Бұдан басқа, Астанада телефон арқылы алдау жағдайлары да жиі орын алады. Қаскөйлер телефон соғып, өздерін полиция қызметкерімін деп таныстырады және қылмыс жасағандары үшін туған-туысын ұстап алғандарын (есірткі сақтау, жол-көлік оқиғасы жайында) хабарлайды. Осылайша, оны қылмыстық жауапкершіліктен босату үшін ақша бопсалайды. Ал ақшаны алған соң іздерін суытады», делінген ақпаратта.

«Елорда азаматтарына бейтаныс адамдармен келісім жасаспас бұрын, сақ болу керек. Алаяқтар ұсынған ақпаратқа ғана жүгінбей, меншік иесі мен сатушыларды мұқият тексеру қажет. Адамдардың көбі жылжымайтын мүліктің нарықтағы бағадан арзан сатылуын білгенде, естері адасып, күмәнді келісімдерге ойланбастан барады. Бұл жағдайда адам психологиясының әлсіз жақтары мен қылмыскерлердің оның осал жерлерін пайдалана білетіні байқалады», - деп ескертеді ІІД.