Астанада «Ана тілі» олимпиадасының жеңімпаздары анықталды: 14 оқушыға ЖОО гранты берілді
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін елорда төрінде еліміздің ең білімді әрі тіл жанашыры саналатын мектеп оқушылары марапатталды. Екінші жыл қатарынан ұйымдастырылған «Ана тілі» республикалық зияткерлік олимпиадасы өз мәресіне жетіп, ең үздік 14 түлекке отандық жетекші жоғары оқу орындарының білім гранттары табысталды.
Биылғы додаға еліміздің 20 өңірінен 2000-нан астам 9–11 (12) сынып оқушылары қатысты. Іріктеуден сүрінбей өткен 64 команда, яғни 200-ге жуық оқушы республикалық кезеңде бақ сынады.

Жобаның басты ерекшелігі — қазақ тілін тек әдебиет емес, жаратылыстану, ғылым мен технология тілі ретінде насихаттау.

— Бұл жастар — қазақ тілінің ертеңгі жарқын көрінісі. Біздің мақсатымыз — мемлекеттік тілдің болашақ мамандардың қалыптасуына көмектесетін мықты зияткерлік негіз екенін көрсету, — деп атап өтті Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.

Ұйымдастырушылардың бірі, «Білім-Инновация» ХҚҚ вице-президенті Қуат Қожахметовтің айтуынша, биылғы жарыс командалық форматта өткен.
— Бұл — топтық олимпиада, сондықтан мұнда жеке біліммен қатар, ұжымдық жауапкершілік те сынға түсті. Салтанатты шараның ең толқынысты сәті 11 сынып түлектеріне жоғары оқу орындарының гранттарын табыстау болды. Абай атындағы ҚазҰПУ, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, СДУ, Coventry University Kazakhstan және Нархоз сияқты жетекші оқу орындары барлығы 14 білім грантын ұсынды, — деп толықтырды ұйымдастырушы.
Салтанатты шараның ең маңызды сәті — марапаттау рәсімі болды. Олимпиаданың Бас жүлдесін Түркістан облысы, Арыс қаласындағы Абай атындағы «Білім-Инновация» лицейінің «Үш арыс» командасы иеленді.

9-сынып оқушысы, жеңімпаз команда мүшесі Үсенбай Қажыхан өз әсерімен бөлісті.

— Біз бұл додаға тек тәжірибе жинау үшін емес, ана тілімізді дамытуға үлес қосу үшін келдік. Олимпиада барысында тайм-менеджмент, коммуникация және жауапкершілік алу қабілеттеріміз шыңдалды. «Үш арыс» командасы болып жақсы дайындықпен келгендіктен, нәтиже де көңіл қуантады. Бұл — біздің алғашқы қатысуымыз, бірақ соңғысы емес, — деді жас жеңімпаз.

Айта кетейік, бұған дейін Еуропада тұратын қазақ балаларына ана тілін тегін үйретіп жүрген астаналық ұстаз жайлы жазған едік.