Астанада әнші Гүлзира Бөкейханқызының «Жүрегімнен шыққан ән» атты шығармашылық кеші өтеді

Бұл туралы Астана мемлекеттік филармониясының баспасөз қызметі хабарлады.
Астананың 15-жылдығына арналған бұл кеште әншінің репертуарындағы үздік туындылар: халық әндері, халық композиторларының әндері мен күйлері, би орындалады. Концертке «Сарыарқа» ұлт-аспаптар ансамблі, «Шалқыма» халық биі ансамблі, мульти-инструменталист, композитор «Мәдениет қайраткері» Еділ Құсайынов, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері Нұрғали Тұрлыбеков және халық әні бөлімінің әртістері қатысады.
Гүлзира Бөкейхан - Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік филармониясы халық әні бөлімінің әншісі. Қытай Халық Республикасының Шынжаң өлкесінде дүниеге келген. Жастайынан өнерге жақын болған. 1983 жылы Іле облыстық өнер колледжіне түсіп, 1986 жылы тәмамдады. Іле облыстық Қазақ ән-би театрында қызмет атқарды. 1988-1993 жылдар аралығында Бейжің Ұлттық университетінің музыкалық факультетінде әншілік мамандығы бойынша бакалавриаттты аяқтады. Гүлзира Бөкейхан атамекенге 1999 жылы бет алып, Құрманғазы атындағы консерваторияның аспирантурасына түсіп, КСРО халық әртісі Роза Жаманованың класында 2001 жылы оқуын аяқтайды. Астанаға жұмысқа шақырылады.
1997 жылы Қытайлық жастар фестивалінің жүлдегері; 1999 жылы Алматыда өткен республикалық Әсет Бейсеуов атындағы «Армандастар» байқауының 2 орын жүлдегері; 2001 жылы Астанада халықаралық «Шабыт» фестивалінің 2 орын иегері; 2001 жылы республикалық Күләш Байсейітова атындағы әншілер байқауының «Күләш репертуарының үздік орындаушысы» дипломының иегері атанды. 2001 жылдан бүгінгі күнге дейін Германия, Біріккен Араб Әмірлігі, Швеция, Түркия, Қытай, Ресей, Моңғолия, Әзірбайжан, Үндістан, т.б. елдерде гастрольдік іссапарларда болып, әлемнің көптеген елінің көрермендерін қазақ өнерімен тәнті етіп жүр.
Әншілік дарынымен қатар актерлік талабын да шыңдап келеді. 1993 жылы Шынжаң киностудиясы түсірген «Елжау Күнби» телефильмінде басты рөлдегі Гүлманды тамаша сомдады. Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрының шақыруымен «Қыз Жібек» операсында Жібектің рөлін сомдап, қазақ қыздарына тән сұлулық пен парасаттылықтың үйлесімділігін көрермен жүрегіне жеткізе білді. 2007 жылы «Қыздәурен» атты жеке CD жинағын халыққа ұсынды.
Ерекше айта кетер жайт, Гүлзира Бөкейхан атамекенге оралған соң Алтай-Тарбағатайда көненің көзіне айналған, осы күні бірнеше кәсіби мамандар ғана игерген, халықтық қазына саналатын әндерді жаңаша өңдеп, Құрманғазы атындағы ұлттық аспаптар оркестрі мен Нұрғиса Тілендиев атындағы қазақ этнографиялық оркестріне түсіріп, жаңаша орындауда концерттер беріп, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттап жүр.