Астанада апатты үйлерден 4,7 мың адам көшіріледі

апатты үй
Фото: pixabay.com

Астана қаласында апатты үйлерден 4 710 адамды көшіру жоспарланып отыр. Бұл туралы елорда әкімі Жеңіс Қасымбек бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Құрылыс саласы елорда экономикасының негізгі драйвері болып қала береді. Қазіргі уақытта 3,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл жеңілдетілген мемлекеттік бағдарламалар бойынша азаматтардың әртүрлі санаттары үшін 5200 пәтер беру туралы міндет қойдық», - деді елорда басшысы.

Әкімнің айтуынша, оның ішінде жетім балалар, көпбалалы аналар, әлеуметтік осал азаматтар, сонымен қатар жұмыс істейтін жастар бар.

«Қазір құжаттарды рәсімдеу бойынша тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Келесі жылдың басында – қаңтар айында кезекте тұрғандар өз үйлеріне кіреді. Сонымен бірге Астанада реновация бағдарламасы бекітілді. 2029 жылға дейін 206 апатты үйден 4 710 тұрғынды көшіру жоспарланған. Бұл жұмыс басталып кетті. Биыл 400 пәтер осындай азаматтарға берілсе, келесі жылы – тағы 700 пәтер. Әрі қарай жылына 1 мың пәтерден беріледі деп жоспарлап отырмыз», - деді Жеңіс Қасымбек.

Айта кетейік, Жеңіс Қасымбек Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы қорытынды есеп беріп жатыр.

Соңғы жаңалықтар