Астанада ашылатын халықаралық жасанды интеллект орталығы туралы не белгілі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Биыл Астана қаласында Халықаралық жасанды интеллект орталығын ашу жоспарланып отыр.

Жаслан Мәдиев
Фото: Александр Павский / Kazinform

Digital Almaty форумы аясында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Alem.AI орталығының жұмысы туралы айтып берді.

- Биыл Халықаралық жасанды интеллект орталығы Астанадағы Expo базасында ашылады. Біз Astana Hub-тың сәтті тәжірибесін қайталап, адамдардың барлық санаты үшін оқытудың мүмкіндігін жасаймыз. Алдағы 5 жылда біз 1 миллионға жуық адамды оқытуды жоспарлап отырмыз. Одан бөлек жасанды интеллект стартаптарына арналған кампус, сондай-ақ ірі халықаралық компаниялар орналасатын орталық болады. Қазіргі уақытта шетелдік компаниялармен алдын ала келісім бар. Олар мұнда өз кеңселері мен зертханаларына ашады, - деді ол.

Сонымен қатар ведомство басшысының айтуынша, Alem.AI орталығында билік және бизнес өкілдерінен, ғалымдардан топ құрылмақ. Олар ЖИ-ді экономиканың барлық салаларына ендіру жұмысын жүргізеді. Ал орталықтың өзінде лекция залдары, жасанды интеллект музейі, студенттер мен оқушыларға арналған қоғамдық кеңістік болады.

Еске салайық, бұған дейін Алматының цифрлық егізі 2026 жылдың соңында дайын болатынын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар