Астанада әскери оркестрлердің дәстүрлі фестивалі басталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ҚР Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының жүлдесі үшін әскери оркестрлердің «Әскери керней» фестивалі басталды. Алтыншы жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған халықаралық фестиваль Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының 25 жылдығына арналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Биылғы халықаралық байқауға іріктеу сындарынан сүрінбей өткен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Әскери институтының әскери оркестрі, «Оңтүстік», «Орталық», «Батыс» және «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтарының әскери оркестрлері қатысуда.
Фестивальдің ашылу салтанатында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Альберт Маткаримов қонақтар мен байқау қатысушыларын құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.
Қазылар алқасы байқауға қатысушылардың өнерін ұжымдық ауызбіршілігі, композициялар репертуары, актерлік шеберлігі, регламентті сақтауы, саптық жүрісі сынды критерийлер бойынша бағалайтын болады.
Жеңімпаздарды марапаттау 23 маусым күні (сағат 19.00-де) Астана қаласындағы «Қазақстан» спорт сарайында «Әскери керней» фестивалінің қорытынды кезеңінде өтеді.
Сонымен бірге фестивальдің ақтық өнер кешіне Мемлекеттік күзет қызметінің (Президенттік оркестр) әскери оркестрі мен Құрмет қарауыл ротасы, ҰҚК Шекара қызметінің бірлескен оркестрі және ҚР Қорғаныс министрлігінің Орталық оркестрі қатысады. Өнер додасының көркін шет елдерден келген Ресей Федерациясы Ұлттық ұланы әскері Орал округы штабының әскери оркестрі мен Қытай Халық Республикасы Халықтық қарулы полициясының оркестрі қыздыра түспек.
Отансүйгіштік пен ұрпақтар сабақтастығы рухында өрілген Плац-концерт «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі іс-шаралары аясында өткізіліп, ондағы классикалық, халықтық және эстрадалық музыкалық туындылармен қатар, жауынгерлік парад-дефиле, әскери-қызметшілердің қару-жарақпен көрсетілетін танымдық көрсетілімдері Астана жұртшылығы мен қонақтары үшін есте қаларлықтай жарқын көрсетілім болмақ.