Астанада әсіресе жетіге толмаған балалар арасында қызылша асқынып тұр - басқарма
Елорданың инфекциялық стационарлары қызылшаға байланысты күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Kazinform Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Маусымдық вирустық инфекциялар, оның ішінде қызылшаның өршуіне байланысты № 3 көпсалалы қалалық балалар ауруханасында келушілер саны артты.
Қабылдау бөлмесінде дәрігер көмегін күткендерден ұзын-сонар кезек қалыптасты.
«Иә, шынында да дәрігердің қабылдауын күту уақыты кейде 1,5-3 сағаттан асады. Себебі жедел жәрдем шақырған пациенттер саны 2,5 есеге дейін өсті. Бұл вирустық инфекция — ЖРВИ, қызылша, жедел ішек инфекциясы жиілігінің артуына байланысты. Осыған орай жалпы қабылдау бөлмесінде 8 қабылдау бекеті, оның ішінде қызылша бойынша қабылдау бөлмесінде 2 бекет ұйымдастырылды. Тәуекел тобындағы балаларға (Triage жүйесі бойынша қызыл түс) кезектен тыс қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ, әрбір инфекциялық бөлімшеге қосымша орта медициналық персоналдың тағы бір бекеті қойылды», — деп түсіндірді аурухананың баспасөз қызметі.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қалада қызылша бойынша төсек-орын жүктемесі — 42%.
Ересектер арасында қызылша жұқтырып, стационарда емделіп жатқан 63 науқас бар. Олардың жағдайы — орташа ауыр.
«Ересектер арасында қызылша жұқтыру қарқыны төмен екенін көріп отырмыз, ал ауыр асқынуға негізінен мектеп жасына дейінгі балалар ұшырап жатыр. Ауруханада жатқан 1 жастан 7 жасқа дейінгі балалардың 70% қызылшамен келген. Бұл — вакцина алмаған балалар, ал екпе алғандар ауруды амбулаториялық деңгейде жеңіл өткереді. Олардың денесінде мұндай жоғары температура мен бөртпе болмайды. 3-5 күнде сауығады. Оларды вакцина құтқарды», — дейді қалалық денсаулық сақтау басқармасы.
Дәрігерлер қызылшаның алдын алу және қорғау вакцинация арқылы ғана мүмкін екенін кезекті рет еске салды.
Айта кетейік, елордада қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау жалғасып жатыр.
Балалар екпені қаланың барлық емханасынан тегін ала алады.