Астанада ат спортынан ауқымды жарыстар өтеді

АСТАНА. KAZINFORM - 30 мамыр 1 маусым аралығында Астана қаласында «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешені базасында ауқымды халықаралық жарыстар – конкурдан Еуразиялық Лиганың Әлем Кубогының кезеңі (FEI CSI 1*-W) және Атпен мәнерлеп жүру бойынша халықаралық турнир (FEI CDI 1*) өтеді.

 Астанада ат спортынан ауқымды жарыстар өтеді
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

ҚР Ат спорты федерациясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, жарысқа алыс және жақын шетелден алты елдің мықты құрама командалары қатысады. Іс-шара халықаралық стандарттарға сәйкес Халықаралық ат спорты Федерациясының (FEI) қолдауымен өткізіледі.

Үш күн ішінде 60-тан аса үздік спортшы әртүрлі кедергілерден тұратын маршруттар мен атпен жүруден өз шеберліктерін көрсетеді.

Конкур – ол жылқының және шабандоздың кедергілерден өту қабілетін анықтайтын олимпиадалық спорт түрі. Мақсат – қашықтықты қателіксіз әрі мүмкіндігінше қысқа уақыт ішінде еңсеру.

Атпен мәнерлеп жүру – ат спортының жоғары деңгейі, мұнда шабандоз бен ат арнайы аренада дәлдікпен және үйлесімділікпен түрлі қимылдарды орындайды.

Астанада Әлем Кубогының кезеңін Қазақстанда өткізу ат спортына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Бұл – тек ел үшін ғана емес, барлық ат спорты жанкүйерлері үшін маңызды спорттық іс-шара болмақ. Ауқымды деңгейдегі жарыстар қазақстандық спортшыларға өз шеберліктерін арттырып, шетелдің мықты шабандоздарымен бәсекеге түсіп, халықаралық турнирлерге біліктілік жолдамаларын алу мүмкіндігін береді.

Осыған дейін қазақстандықтар ат спортынан Ташкентте өткен ірі турнирлерде сәтті өнер көрсеткені туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар