Астанада ат спортынан Конституцияның 30 жылдығына арналған жарыс өтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Елорда іргесіндегі «Арғымақ» ат спорты-сауықтыру кешенінде Конституцияның 30 жылдығына арналған ат спортының қалалық ашық чемпионаты жалауын желбіретті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ауқымды додаға Астанадан және Қарағанды облысынан келген 80-нен астам шабандоз қатысып, сәйгүліктерімен бірге шеберліктерін сынап жатыр. Таңғы самалмен басталған жарыс барысында спортшылар 12 түрлі маршрут бойынша бақ сынайды.

– Бұл чемпионат – елорда жұртшылығын спортқа баулуымен қатар, тәуелсіздік құндылықтары мен Конституцияның мәртебесін дәріптеуге бағытталған. Ат спортына арналған бұл ашық чемпионаттың мақсаты – ұлттық олимпиадалық спорт түрлерін дамыту, жасөспірімдер мен жастарды салауатты өмір салтына баулу, сондай-ақ жылқы мәдениетін дәріптеу. Сонымен бірге жарыс арқылы спортшылардың тәжірибесін шыңдап, еліміздің ат спорты саласына жаңа есімдерді тарту көзделген. Чемпионат жеңімпаздары мен жүлдегерлері кешкісін салтанатты түрде марапатталмақ, - дейді «Арғымақ» ат спорты-сауықтыру кешенінің басшысы, ат спортының олимпиадалық түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Аманжол Хасенов.

Айта кетейік, аталмыш іс-шара Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, сондай-ақ қалалық Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясының ұйымдастыруымен өтіп жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Атырау қаласындағы Ақсай атшабарында ҚР Конституциясының 30 жылдығына арналған республикалық ат бәйгесі өткенін жазған едік.